Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті мен облыс әкімдігі білім басқармасының №3-ші «Мейірім» арнайы мектеп-интернаты оқушылары арасында мемлекеттік кірістер органдарының құрылғанына 10 жыл толуының мерейтойлық алғашқы күнін атап өту жөніндегі департаменттің іс-шара жоспары аясында «Сыбайлас жемқорлыққа – жол жоқ» тақырыбында сурет салудан оқушылар арасында байқау өтті.
Интернат-мектептің ұйымдастырушы-ұстазы Мәншүк Қадырбаева іс-шараны аша келе, кірістер органдарының бірінші онжылдығына орай ұйымдастырылып отырған оқушы-суретшілер байқауы департамент пен білім беру мекемесі арасындағы өзара тығыз байланысты айғақтап тұрғанын еске салды. Бұған дейін өткен осындай байқаулардағы оқушылар қолынан шыққан үздік туындылар департамент қабырғаларынан орын алғанын да жеткізді.
Қоғамның әртүрлі орталарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, профилактикалық жұмыстарды насихаттау, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңын негізге ала отырып, құқықтық мағлұмат беру, білімдерін дағдыландыру, саяси өмірден хабардар етіп жеке тұлғаны қалыптастыра отырып, шәкірттердің еркін сөйлеуіне, қоғамға деген ой-пікірлерімен санасуға жағдай жасау, мемлекетке адал қызмет етуге, адамгершілікке тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға ұсынылған туындылар таңдай қақтырды. Мүмкіндігі шектеулі оқушылар қылқалам шеберлері ғана емес, басқа да өнерге де жақын екендіктерін көрсетті. «Дорога добра» әніне билеген оқушылардың өнеріне көпшілік дүркін-дүркін қол соқты.
Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Қабылбек Шайдуев, департаменттің адам ресурстары басқармасының бастығы Малик Абдуллаев және департамент ардагері Қаныш Өксікбергенов сөз алып, өткізіліп отырған шара жөнінде әңгімелеп, балалар туындыларын жоғары бағалады.
Байқау болған соң жүлде белгіленеді. Әйтпесе, бірінен бірі өткен туындылардың барлығы да бас жүлдеге лайық-ақ. Сонымен бірінші орын Айзере Мұсаға, екінші орын Ақниет Сейдуалиеваға, ал үшінші орын Ермек Сапарға берілді. Байқауға қатысқан барлық суретші-оқушыларға сыйлық тапсырылды.
Департамент басшылығы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізген суретші-оқушылардың жетекшісі Назифа Шымбергеноваға, ұйымдастырушы-ұстаз Мәншүк Қадырбаеваға және мектеп-интернаттың директоры Азата Назарәлиеваға Алғысхаттар табыс етті.