Онкүндікке 5 миллионнан астам бала қатысты

0 2

Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында елімізде алғаш рет «Қазақстан балалары» атты кең ауқымды онкүндік өтті. Аптаның әр күні балалық шақтың маңызды тақырыптарына – қауіпсіздік, шығармашылық, білім беру және тағы басқа салаларға арналды. Еліміз бойынша жалпы 45 мыңнан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылып, оларға 5,6 миллионнан астам бала қатысты.

Республикалық және өңірлік телеарналар мен басылымдарда балалар тақырыбына арналған 2 мыңнан астам материал жарияланды. Көптеген балалар жаңалықтар мен бағдарламалардың кейіпкерлері, жүргізушілері мен қонақтары болды. Әлеуметтік желілерде #Қазақстанбалалары хештегімен 100 мыңға жуық жазба жарияланды.

Онкүндіктің жарқын сәттерінің бірі – балалардың Ақордаға, Оқу-ағарту министрлігіне экскурсиясы мен «Министрге хат» акциясы болды.

Еліміздің барлық өңірінде балалар мен әкімдер, әкім орынбасарлары арасында кездесулер өтті. Ауылдар мен қалаларда мәдени, білім беру және қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Фестивальдер, шеберлік сағаттары, ашық сабақтар, кинотеатрларда, театрлар мен мұражайларда тегін көрсетілімдер өтті. Жаңа білім беру нысандары пайдалануға берілді.

Онкүндік Оқу-ағарту министрлігі мен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді.