Өңір өзендерінде су деңгейінің төмендеуі байқалады

0 7

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен ТЖ жөніндегі жедел штабтың отырысында өңірдегі су тасқыны жағдайы қаралды. Аймақ басшысы өзендерге мониторинг жүргізуді жалғастыру және жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды.

Онда ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов су тасқынына қатысты дәл қазіргі ахуалды баяндады. «Облыста үйлерді су басу фактілері тіркелген жоқ. Қала және аудандарда су айдау, қорғаныс бөгеттерін салу, инертті материалдарды дайындау және құм салынған қаптарды төсеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Елді мекендерден бүгінге дейін 971 мың текше метр қар шығарылды, 121 шақырым арық пен 65 шақырым су бұру арналары тазартылды. Алдын алу шараларын жүргізу үшін Ойыл, Ырғыз, Хромтау және Әйтеке би аудандарына әскери бөлімдер мен мамандандырылған техникалар жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жұмыстардың аяқталуына байланысты Әйтеке би және Хромтау аудандарына барған әскери қызметшілер қайтарылуда», деді баяндамашы.

«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамына сүйенсек, облыс бойынша су айдындарында су деңгейінің төмендеуі байқалады.

«Соңғы тәулікте Ойыл ауданындағы Ойыл өзенінің су деңгейі бірқалыпты. Бір тәулік ішінде төмендеуі күтілуде. Бүгінде Ырғыз өзенінің су деңгейі небәрі 10 сантиметрге көтерілді. Қостанайда жоғарғы ағыстардың да деңгейі төмендей бастады. Сол себепті, қазіргі уақытта Торғай суының бізге келуі екіталай. Алдағы 5–6 күнде шағын ағын болуы мүмкін, бірақ су деңгейінің айтарлықтай көтерілуі күтілмейді», деді «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Айгүл Саимова.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі су тасқыны жағдайының мониторингін жалғастыруды, су деңгейінің өзгеруіне жедел ден қоюды және елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

«Су тасқыны жағдайының мониторингі тәулік бойы жүргізілуі тиіс. Су деңгейінің барлық өзгерістері тіркеліп, жедел баяндалуы керек. Жағдайға жауап беру ғана емес, шұғыл әрекет ету маңызды. Әр аудан нақты іс-қимыл жоспарларын, күштер мен техникаларды дереу қолдануға әзір болуы керек. Ең бастысы – адамдар мен олардың мүлкіне қауіп төндірмеу қажет. Барлық жауапты басшылардан бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауды сұраймын!», деп атап көрсетті аймақ басшысы.