Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында ұлттық поэзиямызды биікке көтерген, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығына арналған «Қазақ поэзиясының дүлдүлі» атты әдеби кеш өтті.
Ақын неғұрлым халық өмірімен тығыз байланыста болса, оның шығармашылығы да ғұмырлы болмақ. Поэзияны өмірім деп ұққан, туған еліне осы өлең сөзімен қалтықсыз қызмет еткен ақын Тұманбай Молдағалиев есімі ел аузында ерекше аталады. Ақынның шығармаларына заманымыздың дарынды композиторлары Шәмші Қалдаяқов, Кенжебек Күмісбеков, Еркеғали Рахмадиев, Сейдолла Байтереков ән шығарды. Ақын сөзіне жазылған «Куә бол», «Жүрегімнің сөзі», «Сен менің әнімсің», «Сарыарқа», «Жан досым», «Көктем келді» және басқа да танымал әндер халықтың сүйіп шырқайтын әндеріне айналды. Осылай тыңдарман көңіліне кестеленіп, ойына орныға қалатын әдемі жырларына 500-ден астам ән жазылған екен! Ақын осы 500 өлеңінің бірде-бірін сазгерге апарып, ән жаз демеген. Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов сынды ұлы композиторлардан бастап, өздері әндеріне сөз жазуын сұраған екен.
Тұманбай Молдағалиев 1935 жылы наурыз айының 20 жұлдызында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Жарсу ауылында дүниеге келген. 1954 жылы «Украина қызына» атты тұңғыш өлеңі жарияланды. Алғашқы өлеңдер жинағы – «Студент дәптері» 1957 жылы жарық көрді. Ақынның өлең, поэмалары 40-тан астам жинақ болып басылып шықты. Тұманбай Молдағалиев өн бойынан өрілген өлеңдеріне адамгершілік қасиеттерді, қазағының арман-тілегін шебер өрнектей білген тамаша лирик ақын.
Өмір деген – алысқа аттаныс,
Қайда ұшсаң да, қасиетіңді сақтап ұш.
Бүгін дардай көрінгенмен күні ертең,
Мен сендерге бола алам ба мақтаныш? – деп бүгінгі атақтың ертеңге азық болмауы мүмкін екенін ескертеді. Оның тағы бір жиі қалам тартқан тақырыбы табиғат және достық.
Алма ағаштар жырлады
Ақшыл көйлек киіп ап, – деп табиғатты тірілте бейнелеген жолдарының өзі қандай әсерлі. Жалпы, ақынның еліне мұрасы 20 томдық кітапқа жетеді.
Іс-шара барысында оқырмандарға Тұманбай Молдағалиевтің өмір жолы мен шығармашылығы жайлы мағлұмат беріліп, өлеңдерінен үзінділер оқылды. Сонымен қатар, ақынның қазақ композиторларымен бірлесе өмірге әкелген туындыларына да шолу жасалды. Артында өлшеусіз мол рухани мұра қалдырған және сол жырының өзін ешқашан өлтірмейтінін білген ақиық ақын қазақ халқының жүрегінде мәңгі сақталары сөзсіз.