Ой – маржан

0 3

Облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығымен және Тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп, «Ой – маржан» облыстық танымдық байқауын ұйымдастырды.

Тіл жанашыры Ринат Нұрақбаев жүргізген бұл сынға өңірдің әр сала өкілдерінен құралған бес команда қатысып, таныстыру, мақал-мәтел мәнін түсіндіру, берілген тақырып бойынша ауқымды ой қозғау, көнерген және жаңадан қолданысқа еніп жатқан сөздердің мағынасын түсіндіріп, сол төңіректе сөзге тапқырлығын таныту бойынша бақтарын сынады. Қуантарлығы, қатысқан топтардың барлығы тілге деген құрметтерінің жоғары екенін байқатты. Әскери саланың сарбаздары, студенттер, мұғалімдер, мектеп оқушылары тіліміздің тұғырын биіктетуге бағытталған байқауда жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Құрамында Руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Фарида Медерқұлова, облыстық Тілдерді оқыту орталығының латын негізді жаңа әліпбиді насихаттау және «Қазтесті» ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хафиза Ахметова бар қазылар алқасының шешімімен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің студентерінен құралған «Абай ұлағаты» командасы аталған байқаудың жеңімпазы деп танылды. Жүлделі екінші орынды «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы №5513 әскери бөлімінің сарбаздарынан құралған «Ұлттың ұланы» және Тараз қаласы №5 мектеп-гимназиясының оқушыларынан құралған «Алаш» командалары бөлісті. Үшінші орын жүлдесіне облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Достық» және Тараз қаласы №9 орта мектептің мұғалімдерінен құралған «Ұлағатты ұстаздар» командалары ие болды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар және Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының қолдауымен жарық көрген «Шер» кітабы табыс етілді.