Негізгі салаларда тұрақты өсім байқалды

0 2

Жамбыл облысының 2025 жылдың алғашқы алты айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша оң динамика тіркелді. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің алқа мәжілісінде белгілі болды.

Жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстың жалпы экономикалық өсімі 13,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өндірісі 627,6 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 20,6 пайызға артты. Оның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 15,4 пайыздық өсім көрсетіп, 401,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеуші сектордың өнеркәсіптегі үлесі 64 пайызға жетіп отыр.

Экономикалық өсімге химия өнеркәсібі (1,3 есе), тамақ өндірісі (1,2 есе), құрылыс индустриясы (1,6 есе), машина жасау (1,5 есе), қағаз өндірісі (1,3 есе) және резеңке мен пластмасса бұйымдарын өндіру (1,9 есе) сынды салалар айтарлықтай үлес қосты.

Ауылшаруашылығы саласында да оң өзгерістер байқалды. Саладағы өндіріс көлемі 98,9 миллиард теңгені құрады. Барлық аудандарда өсім тіркелді.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 138,7 миллиард теңгеге жетіп, 11,5 пайызға өсті. Сонымен қатар, жарты жылда 317,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (өсім – 2,2 пайыз). Қазіргі таңда мемлекеттік бюджет есебінен 2550 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 301,8 милиард теңгені құрап, былтырғыдан 48,1 пайызға артты. Биыл жалпы сомасы 175 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 1143 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда 6 жоба іске қосылып, 148 адам жұмыспен қамтылды.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақ экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.

– Халықтың әл-ауқатын арттыру үшін ең алдымен инвестиция тартуға және көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аудару керек. Бұл – инвесторлардың қызығушылығын арттыратын маңызды фактор, – деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, елді мекендерді абаттандыру мен қауіпсіздік шаралары жергілікті халықтың билікке деген сенімін нығайтатынына баса назар аударылды.

Мәжіліс барысында облыс әкімі кейбір аудан басшыларының жұмысқа салғырт қарап, тапсырмаларды уақытылы орындамай отырғанын сынға алды.

– Алты айдың қорытындысы көрсеткендей, кейбір басшылар жекелеген көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр. Мұндай жағдайда тәртіптік жауапкершілік мәселесі қаралады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек аймақ бюджетінің орындалуы мен қаржылық көрсеткіштерге жүргізілген талдау нәтижесін ұсынды. Аудан және басқарма басшыларына бюджет қаражатын тиімді әрі мақсатты игеру тапсырылды.