Әулиелер мекені атанған өңірімізде киелі де қасиетті жерлер аз емес. Сол қасиетті мекендердің бірі – тарихы тереңде жатқан Қараүңгір шатқалы.
Біздің заманымыздан 4-5 мың жыл бұрын пайда болған делінетін бұл көне мекен Түлкібас ауданындағы Мақталы ауылынан он шақырымдай қашықтықта, Қараүңгір өзенінің сол жағалауында орналасқан. Үңгірдің кіре берісінің ені – 20-25 метр, ұзындығы оңтүстік-шығысында – 21 метр, шығысында – 8,75 метр. Биіктігі 2 метрден 18 метрге дейін жетеді. Табалдырықтан 20 метр өткен соң үңгір төбесі 11,5 метрге дейін төмендеп, одан әрі кеңейе түсіп, биіктігі 2,7 метрге дейін көтеріледі.
1959–1973 жылдары Қараүңгірге жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары оның мәдени қабатының қалыңдығы 5 метрге дейін жететінін анықтады. 1992 жылы бұл жерде Қазақ–Ресей халықаралық көшпелі археологиялық экспедициясы жұмыс істеді. Экспедиция құрамында ҚР Ғылым академиясы Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының және Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Археология және этнография ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары болды. Олар мәдени қабаттардың таралуын зерттеп, аса құнды деректерге қол жеткізді.
Қараүңгір туралы алғашқы ғылыми мәліметтер өткен ғасырдың жетпісінші жылдары «Известия» газетінде жарияланған. Қазақ КСР Ғылым академиясына қарасты археология институтынан археолог Кемел Ақышев бастаған экспедиция үңгірге қазба жұмыстарын жүргізіп, оның жаңа тас дәуірі адамдарының тұрақты мекені болғанын дәлелдеді. Үңгірдің оң босағасына жақын жерден екі метр тереңдікте тастан және сүйектен жасалған түрлі бұйымдар мен қару-жарақтар табылған.
Ғалымдардың пайымдауынша, бұл үңгірде адамдар 60–70 ғасыр бұрын мекендеген. Үңгірдің оң босағасынан шамамен 30 метр биіктікте бұлақ суы төмен қарай құлап, сарқырама түзген. «Атамекен» баспасынан шыққан 5-сыныпқа арналған «Ежелгі Қазақстан» оқулығында Қараүңгір тас дәуірінде Қазақстан аумағындағы алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының тұрақтарының бірі ретінде көрсетілген.
Ал, Қараүңгір жайлы аңыз-әфсаналарға құлақ түрсек, тарихтың тағы бір терең қабаты ашылады. XVIII ғасырдың ортасында жоңғар шапқыншылығы біржолата тоқтап, елге тыныштық орнаған кезеңде ұлы бабамыз Төле би бұл өңірді жоңғарлармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан Қарабатырдың ұрпағы Құлжаманға ата қоныс етіп береді. Құлжаман жас болса да талай жорықта көзге түскен, жаужүрек батыр болған деседі. Ол «Қараүңгір» бойына өзімен бірге қырық жігітті ертіп келіп қоныстанады. Бастапқыда қырық үйден құралған ел уақыт өте келе 200 түтіннен асыпты.
Қарт Қаратаудың сілемдеріне қоныс тепкен елдің қысқаша тарихы осындай. Қазіргі таңда Қараүңгір шатқалында ел отырған жоқ. Алайда, бұл жер мемлекет қамқорлығында және байырғы тұрғындардың назарында. Қараүңгірден Мақталы ауылына қоныс аударған әулиелі мекеннің ұрпақтары өз қаражаттарымен шатқалды күтіп-баптап, жыл сайын тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізіп келеді. Басына барып Құран оқып, Құдайы тамақ береді.
Бірнеше жыл бұрын Мақталы ауылының тұрғындары Қараүңгір шатқалының 400 метр аумағын қоршап, ескерткіш белгі орнатты. Осылайша тарихы терең Қараүңгір шатқалы қайта түлеп, екінші тынысын ашты.