Премьер-Министр Олжас Бектенов «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наил Магановпен кездесу өткізді. Кездесуде Атырау облысында бутадиен және синтетикалық каучук өндіру бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыру барысын қоса алғанда, мұнай-газ химиясы саласындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жоспарлар талқыланды.
«Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов жобаның қазіргі жағдайы туралы хабарлады. Бүгінгі таңда мердігер – қытайлық China Tianchen Engineering Corporation инжинирингтік компаниясымен белсенді жұмыс жүргізілуде. Резеңке-техникалық өнеркәсіпте және шиналар өндірісінде пайдалану үшін 60 мың тонна дивинилстирол синтетикалық каучук, жол жабындары мен пластмассаларға қажетті 40 мың тонна стирол-бутадиен-стирол каучук және жыл сайын жоғары октанды бензин ретінде 40 мың тонна метил-трет-бутил эфирін шығару жоспарланған. Инвестициялық кезеңнің іске қосылуы осы жылдың 1 шілдесінде күтіліп отыр.
Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылатын «Қаратон Подсолевой» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстары талқыланды. Қазіргі уақытта 5,5 мың метрге терең барлау ұңғымасын бұрғылау жүріп жатыр. Сондай-ақ терефтал қышқылы және полиэтилентерефталат өндіру жобасына назар аударылды.
Премьер-Министр ҚР Үкіметі бірлескен жоспарларды іске асыруда және өзара тиімді ынтымақтастық үшін шешімдер іздеуде сындарлы диалогқа ашық екенін айтты. Қазақстанның отандық өнеркәсіпке «Татнефть» технологиялары мен сараптамасын енгізуге мүдделілігі атап өтілді.