Жамбыл облысында екі доңғалақты көлік құралдарына – мопед, скутер және мотоциклге қатысты бақылау күшейтілді. Себебі, соңғы уақытта осы көлік түрлерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Мұндай жағдайлардың алдын алу және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру мақсатында облыс аумағында кең ауқымды рейдтік шаралар ұйымдастырылды.
Полиция департаментінің хабарлауынша, үш күнге созылған тексеру барысында жол қозғалысы ережесін бұзудың 236 дерегі тіркелген. Бұл – жәй сандар ғана емес, өмір мен денсаулыққа тікелей қатер төндіретін жағдайлар. Анықталған бұзушылықтардың қатарындағы ең алаңдатарлығы – көлікті мас күйінде жүргізу. Полиция қызметкерлері мұндай бес жағдайды тіркеген. Бұған қоса, 57 адам мотокөлікті жүргізуші куәлігінсіз немесе тиісті санатсыз басқарған.
Сондай-ақ жалған мемлекеттік нөмір қолданған 8 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Ал, мопед пен скутерді мемлекеттік тіркеусіз пайдаланудың 21 дерегі анықталды. Бұл көлік құралдары иелерінің жол қозғалысы ережелерін толық білмеуі немесе оларды қасақана бұзуы қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін әрекет екені сөзсіз.
Рейд нәтижесінде заң талаптарын өрескел бұзған 99 мотокөлік арнайы тұраққа қойылды. Бұл – уақытша шара ғана емес, жүргізушілерге ескерту, әрі болашақта құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған нақты қадам.
Жол үстіндегі тәртіп – баршамыздың қауіпсіздігіміздің кепілі. Сондықтан заңды құрметтеп, жауапкершілікпен жүру – әрбір жүргізушінің парызы.