Міндет – жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру

0 3

Сыбайлас жемқорлық қоғам дамуына кері әсерін тигізетін қауіпті індетке айналып отыр. Сондықтан да қауіпті індеттің алдын алу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама жарияланды. Бұл қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтатын жемқорлыққа қарсы күресте іс-қимыл бағдарын дәйектейтін құжат болып табылады.

Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар кешенін бұқаралық ақпарат құралдарына кеңінен жариялап, білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдарда, халық арасында жемқорлыққа қарсы күрес бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғам індетіне төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру көзделген. Бұл бағытта сала мамандарымен тиісті деңгейде жұмыстар атқарылып жатыр. Десе де, тамырын тереңге жіберген жемқорлыққа тыйым болғанымен, түбегейлі жою мүмкін болмай отыр. Бұл қоғам індетінің дендегенін көрсетеді. Әрине, мұндай әсері теріс құбылысқа толық тосқауыл қою уақыттың еншісінде, кезең кезеңімен реттелетін міндет деп білеміз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі өткен кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде», деген болатын.

Жемқорлықпен байланысты әрекеттердің төмендеуі қабылданған заң нормалары мен қанатқақты жобалардың нәтижесі және жауапты сала мамандарының табанды еңбегінің жемісі деп түсінгеніміз дұрыс болар. Айтса айтқандай, «Transparency international» сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне сай атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша Қазақстан 40 балға ие болып, 180 елдің арасында 88-орыға тұрақтады. Еліміз бұл көрсеткіште 2023 жылы 93 орында тұрған. Ал, аталған рейтинг тізімі бойынша Өзбекстан – 121, Қырғызстан – 146, Ресей – 154, Тәжікстан 164 орыннан табылған. Бұдан еліміздегі жемқорлыққа қарсы саясаттың дұрыстығын және оның оң нәтижесін бағамдай аламыз.

Жемқорлықтың алдын алу – жауапты сала мамандарына жүктелген міндет ғана емес, жалпыға ортақ жауапкершілік. Өйткені, жемқорлықтың кез келген көріністерін болдырмауға, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасты қалыптастыруға және қоғамдағы құқықтық нилигизмді жоюға біздің қабілетіміз жетеді.