Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев облыс орталығының инфрақұрылым жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында қаладағы әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлер мен жаңадан салынып жатқан жолдардың құрылыс жұмыстарымен танысты. Жауапты мердігерлермен жүздесіп, жұмыстарды сапалы әрі уақытында атқаруды міндетті.
Алдымен, аппарат басшысы «Жаңа қала» ықшамауданындағы №32 көшенің құрылыс алаңына барды. Бүгінде мұнда асфальттау, бетондау, жаяу жүргіншілер жолын салу, жарықтандыру жұмыстары 95 пайыз орындалған. Құрылыс жұмыстарына «Қаратас Майнинг» ЖШС жауапты. Сонымен қатар №36 көшені аралап, жарықтандыру, жол салу жұмыстарын қадағалады.
Бұдан кейін №2 Әкімшілік ғимаратының құрылыс алаңында болып, мердігерлермен кездесті. Бүгінде ғимараттың инженерлік инфрақұрылым жұмыстары, ішкі әрлеу, жиілігі төмен байланыс желілерін тарту, ауа тазартқыш және желдеткіш жүйелерін орнату, сыртқы инженерлік желілерді тарту және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылысқа жауапты «Ернур «Строй и К» ЖШС арнайы 6 техника, 79 жұмысшы жұмылдырған. Нысанды биыл қараша айында пайдалануға беру жоспарлануда.
Аппарат басшысы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» аумағында бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс алаңында да болып, сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын қадағалады. Яссы көшесінедегі абаттандыру шараларын қайта пысықтады.
Аралау жұмыстары қала аумағындағы көпфункционалды Атшабар алаңында жалғасты. Нысан 99,3 гектар аумақта орналасқан. Заманауи көпфункционалды кешенде 1 500 орынды трибуна, 10 жылқыға арналған қысқы және 50 жылқыға арналған жазғы қора, 2,5 шақырымды құрайтын атжарыс алаңы, көкпар алаңы, конкур қарастырылған. Бүгінде ғимаратқа ішкі инженерлік желілер тартылып, сыртқы, ішкі әрлеу, терезе орнату, шатырын жабу, жер тегістеу және дренаж төсеу шаралары жүргізілуде. Құрылысқа 43 техника мен 174 адам жұмылдырылған. Нысанды осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға тапсыру көзделіп отыр.
Құрылыс барысын бақылаған Еркебұлан Дауылбаев жауапты тұлғаларға анықталған кемшіліктерді қалпына келтіруге уақыт берді. «Сақалды құрылысқа» жол берілмейтінін ескертіп, мерзімінен кешіккен мердігерлерге шара қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар жұмысшы санын арттыруды міндеттеп, сапаға баса мән беруді талап етті.