«Менің атым – Қожа» – қуыршақ бейнесінде

0 3

Алматыда Бердібек Соқпақбаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» шығармасы тұңғыш рет қуыршақ форматында сахналанды. Осылайша, балдырған шақтың ыстық естелігіне айналған туынды жаңаша сипатта көрерменге қайта жол тартты. 

Бердібек Соқпақбаевтың қаламы­нан туған шығарма бүгінде өз оқырманын жоғалтқан емес. Классикалық туындының әдебиетте өміршең болуы да жазу­шының шығармашыл қабілеті мен оқи­ғаның шынайы өмірмен қабысып жатуында. Сондықтан да болар, қойы­лым­ды тамашалауға келген көрермен ара­сынан балалардан өзге ересектерді де кез­дестіруге болады. Себебі, қазақ әдебиеті мен мәдениетімен сусындап өскен әрбір қа­зақ бұл шығармадан өзінің қайталанбас ба­лалық шағын табады. Білместікпен жа­саған бала кездегі қателіктері мен шек­сіз­дік­ке ұласқан арман-қиялын көреді. Қай жас­тағы көрерменге болмасын, бұл шы­ғар­ма сонысымен құнды әрі ыстық.

Атап өтерлік маңызды жайт, бұл қуыр­шақ театрының мерейлі 90-маусымдағы ке­зекті премьерасы. Өнер ордасының бас­шысы Алмат Амангелді осынау мерей­той­лық маусымда танымал шығарманы қуыршақ үлгісіне бейімдеудің де өзіндік мес­седжі бар екенін жеткізді.

– Біз үшін Бердібек Соқпақбаевтың шы­ғармасын қуыршақ театры сахнасына шы­ғару – үлкен жауапкершілік. Бұл туын­ды әр буынның жүрегіне жол тапқан. Енді сол рухани мұраны қуыршақ өнері арқылы жаңғыртып, жас көрерменге жеткізу – біздің басты мақсатымыз, – деді Мем­лекеттік қуыршақ театрының директоры А. Амангелді.

Қойылымда басты рөлді сомдаған ак­тер – Ерсұлтан Тезекбай. Ол Қожа бей­не­сін сахнаға алып шықпас бұрын, шығар­маны қайта оқып шыққан. Актер кейіп­кер­дің ішкі жан дүниесін зерттеу бары­сын­да өзінің балалық шағы таспаланған бей­не көз алдынан өткенін айтады. Дәл осы қойылымда оның балалық шағымен үн­десетін эпизодтар да кездеседі.

– Рөліме дайындық барысында бала­лық шағымның көптеген естелігі ойға орал­ды. Жазғы демалыста ата-әжеміздің қо­лында болдық. Сол уақытта атқа мініп, ауыл аралап, ұлттық тағамдардан дәм та­тып, асық ойнап өстік. Қожа сияқты біз­дің де талай тентектігіміз болған. Алайда, Қожаның сыртқы келбеті бұзық болып кө­рінгенімен, ішкі жан дүниесіне үңіл­сеңіз, ол өте мейірімді, ақылды кейіпкер. Қожаның әкесіне деген сағынышы мен ана­сына деген махаббаты ерекше әсер қал­дырады, – деді Ерсұлтан Тезекбай.

Басты рөлді сомдаушы Қожаның об­разындағы негізгі құндылық  жауап­кершілік пен ерік-жігер деп санай­ды. Қателікке бой алдырса да оны түсініп, өз-өзінен есеп ала білуі қазір де өзектілігін жоймаған қасиет. «Қожа әкесінің тәр­бие­сін көрмесе де, әке орнын жоқтатпай, ана­сының ақылын тыңдап, үмітін ақтауға талпынуы  үлкен тәрбие деп білемін», – деді ол. Сондай-ақ біз актерден Қожаның бойындағы өзіне тән ұқсас қасиеттер ту­ралы сұрап көрдік.

– Бала кезімнен көбі сырт келбетіммен қа­тар, мінезімнің кейбір тұстары да Қо­жа­ға ұқсайтынын айтатын. Қожаның бойындағы тентектік, әр нәрсені көрсем деген қызығушылық әрбіріміздің  балалық шағымызда болған құбылыс секілді. Әрине, кейіпкерімнің бойындағы осы бір қылықтар кезінде менің де бойымнан та­былды. Балалықпен көп нәрсені бүлдірген де, көп адамды күлдірткен де кездерім болды, – деді ол.

Қойылым режиссері Еркебұлан Қаб­дыл­дың сөзінше, классикалық шығар­ма­лардың өміршеңдігі – олардың адамзат тари­хымен бірге жасасып келе жатқан тақырыптарды қозғауында. Ұрлық, өтірік, бул­линг секілді мәселелер – кез келген қо­ғамда кездесетін, адамның мінез-құл­қы­мен байланысты құбылыстар. Театр ұжымы «Менің атым – Қожа» қойылымы арқылы көрерменге жаман қылықтың түбі қайда апаратынын көрсетіп, балаларға дұрыс пен бұрысты ажырата білуді үй­ретуді мақсат еткен.

 – Бұл идея менің ойымда бұрыннан жүр­ген болатын. Қуыршақ театрының ау­диториясы негізінен балалар, сон­дық­тан м­ұндай классикалық туынды дәл қуыр­­­­­шақ театры сахнасында қойылуы тиіс. Көрермен «Менің атым – Қожаны» көріп, кейін шығарманы оқыса немесе фильмін көруге ықылас танытса, мақса­тымыздың орындалғаны. Қойылымды қуыршақ арқылы сахналаудың өзіне тән ерекше табиғаты бар. Егер драма теат­рын­да актерлер оқиғаны шынайы кейіпте жет­кізсе, қуыршақ театрында бұл міндетті кейіп­керге жан бітіретін қуыршақтар атқарады, – деді режиссер.

Актерлік ұжым үшін балалардың назарын бірден өзіне аударатын көрініс­терді құрастыру, олардың қызығушы­лы­ғына лайық шешім табу біршама ізденісті талап еткен. Сондай-ақ қойылым режис­сері Қожаның образы бүгінгі балаларға да жақын екенін атап өтті.

– Қожаның бойындағы қасиеттер – әрқайсымыздың ішімізде бар мінез. Ме­нің де бала кезімде Қожаға ұқсайтын қылықтарым болған. Қазіргі балалардың бойында да осындай бұзықтық сипаттар кездеседі деп ойлаймын. Сондықтан Қожаның образы балалар үшін қызықты. Өйткені, Қожа мен Сұлтанның жасаған қылығын қазіргі балалардың өзі де қай­талайды, – деді Е. Қабдыл.