Мемлекеттік аудит заманауи технологиямен күшейтілуде
Қазақстанда мемлекеттік аудит саласы түбегейлі өзгерістер кезеңіне қадам басты. Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті (ІМАК) бақылау мен есептілік жүйесін автоматтандырып, адами фактордың ықпалын барынша азайтуды және мемлекеттік қаржыны басқаруда ашықтық пен тиімділікті күшейтуді көздейтін цифрлық реформаларды іске асыруда.
Жаңа кезеңнің басты жаңалығы – үлкен деректерді талдауға және машиналық оқытуға негізделген камералдық бақылау құралдарының енгізілуі. Бұл жүйе мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қаржылық әрекеттеріне сырттай бақылау жүргізіп, тәуекелдерді алдын ала анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, аудит тексерісінің тиімділігі арттырылып, бюджеттің мақсатсыз жұмсалуын ертерек тоқтатуға негіз қалануда.
Тағы бір елеулі жаңалық – бюджет мониторингі мен профилактикалық бақылауды толық цифрландыру. Енді мемлекеттік мекемелер арасында құжат алмасу, есеп беру және сәйкессіздіктер туралы ескертулер электронды форматта жүреді. Бұл тек жұмыс барысын жеделдетіп қоймай, есеп-қисап жүргізудегі адами қателіктерді азайтып, бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуына серпін береді.
Комитет бұл мақсатта екі ірі жобаны жүзеге асыруда:
- «Аудитордың бірыңғай кабинеті» – барлық тексеріс процесін бірыңғай цифрлық терезе арқылы басқаруға мүмкіндік беретін заманауи ақпараттық платформа. Бұл жүйе әрбір аудиторға нақты уақыт режимінде жұмыс жүргізуге жағдай жасап, ІМАК-тің өңірлік бөлімшелерін де біртұтас желіге біріктіреді. Енді жұмыс барысы қағазбастылықтан арылып, нақты нәтижеге бағытталады.
- «Аудитор қалқаны АІ» – бұл қашықтан оқытуға, қайта даярлауға және аудит мамандарын сертификаттауға арналған «ақылды» жүйе. Үздіксіз оқыту мүмкіндігі аудиторлардың кәсіби деңгейін арттырып, мемлекеттік аудиттің сапасын жақсартуға бағытталған.
Аталған бастамалар Қаржы министрі Мәди Такиев бекіткен цифрландыру жөніндегі «Жол картасының» аясында жүзеге асырылуда. Құжат 30 нақты іс-шараны қамтиды және ІМАК-тің талдау қабілетін арттырып, аудит саласындағы заманауи технологияларды енгізуді көздейді.
ІМАК төрағасының орынбасары Мұрат Оразбайдың айтуынша, цифрлық трансформацияның сәтті жүзеге асуы үшін «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-пен бірлескен жұмыс топтары құрылып, нақты технологиялық шешімдер пысықталған. Бұл ІМАК пен қаржы министрлігінің өзге құрылымдары арасындағы үйлесімділікті арттырып, жаңа жүйелерді интеграциялауды жеделдеткен.
Сонымен қатар, жаңа цифрлық құралдардың көмегімен тәуекелдерді алдын ала болжап, бюджеттік тәртіпті бұзудың алдын алу мүмкіндігі арта түседі. Бұрын тексеріс жұмыстары белгілі бір кезеңнен кейін, нақты оқиғадан соң жүргізілсе, енді жүйе автоматты түрде күмәнді әрекеттерді белгілеп, аудиторларға ескерту жасайды.
Бұдан бөлек, «Аудитор қалқаны АІ» арқылы енді мемлекеттік аудиторлар заманауи стандарттар бойынша қашықтан білім алып, кәсіби деңгейін үздіксіз арттырып отыра алады. Бұл – әсіресе шалғай өңірлердегі аудиторлар үшін тиімді шешім.
Цифрландыру үдерісі еліміздің қаржылық тәртібін жетілдірумен қатар, қоғам алдында есепті және жауапты мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Қаржы саласындағы ашықтық – экономикалық өсім мен халық сенімінің маңызды кепілі.
Сондықтан аудит саласының цифрлық жаңаруы – ел дамуының жаңа парағы. Ендігі міндет – осы бастамаларды тиімді әрі сапалы іске асырып, бюджет қаржысының әрбір тиыны нақты мақсатқа жұмсалатындай жағдай жасау.