Ел Президентінің цифрландыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында Қазақстан мектептерінде жаңа кезең басталмақ. Енді оқушылар жасанды интеллект негіздерін үйренуге мүмкіндік алады. Бұл туралы Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, мектеп бағдарламасына жасанды интеллект элементтерін енгізу жөніндегі пилоттық жоба ресми түрде басталды. Жоба әйгілі «Massachusetts Institute of Technology» (MIT) институтымен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Бағдарлама еліміздегі барлық сынып деңгейін қамтуды көздейді.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде 1-4-сыныптардағы цифрлық сауаттылық пәні аясында жасанды интеллектке қатысты алғашқы түсініктер енгізіледі. Сабақтар интерактивті форматта, «Day of AI» платформасының тегін контенті негізінде өтеді. Бұл платформаның материалы қазақ және орыс тілдерінде ұсынылып, оқушылардың қызығушылығын оятуға бағытталған. Сабақ ұзақтығы 30-60 минутты құрайды және мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқаулықтармен толықтырылады.
Келесі кезеңде жоба 1-12-сыныптарды толық қамтитын болады. Яғни, бастауыштағы негізгі түсініктерден бастап, жоғары сыныптарда күрделі ұғымдарды меңгеруге дейінгі толыққанды бағдарлама дайындалады. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігіне бұл бастаманы жалпы білім беру бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізу ұсынылып отыр.
Бүгінгі таңда елімізде 8 042 мектеп бар, олардың 7 917-сі интернетке қосылған. Бұл өз кезегінде цифрлық білім беру бастамаларын кең көлемде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 4 663 мектеп талшықты-оптикалық желі арқылы қосылса, қалған 3 254-і өзге технологиялармен қамтылған.
Қазіргі цифрлы дәуірде білім беру тек ақпарат берумен шектелмейді. Ол – оқушының сыни ойлауын, шығармашылығын, логикалық және алгоритмдік ойлау қабілеттерін дамытатын орта. Жасанды интеллектті меңгеру арқылы оқушылар болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие бола алады. ЖИ – адамның ойлау қабілетін модельдейтін, кейбір шешімдерді өздігінен қабылдай алатын жүйелер жиынтығы. Бүгінде біз оны смарт көмекшілерден бастап, чат-боттар, аударма жүйелері, бейне және мәтін тану құралдарынан жиі көреміз.
Білім берудің тиімді жолы – техникалық терминдерді күрделендірмей, жас ерекшелігіне сай, көрнекі әрі интерактивті құралдарды қолдану. Мәселен, «Scratch» немесе «Python» платформалары арқылы оқушылар қарапайым ЖИ жобаларын жасап, чат-бот құрастыра алады, не болмаса машиналық оқытуға негізделген ойындар ойнап, оның ішкі логикасын түсіне алады. Бұл тәсіл тек теориямен шектелмей, білімді нақты тәжірибеге негіздеуге мүмкіндік береді.
Бұл орайда Жамбыл облысында да ауқымды да жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда өңірде жылдамдығы 20 Мбит/секундтан асатын интернет-байланысы бар мектептердің үлесі былтырғы жылмен салыстырғанда 97,3 пайыздан 100 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар, республикалық «Starlink» жобасы аясында облыстың 72 мектебі жылдамдығы 50 Мбит/секунд интернет-байланыспен қамтамасыз етілген.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтың айтуынша, оқушылардың зерттеу мәдениетін, шығармашылық әлеуетін ерте дамыту мақсатында «Жамбыл дарыны» орталығында «Жамбыл Junior Science Hub» аймақтық жас ғалымдар хабы, жеңімпаз оқушылардың «Future Leaders Lab» болашақ көшбасшылар зертханасы құрылатын болады.
– Жаңа оқу жылынан бастап облыс педагогтерін жасанды интеллект құралдарын қолдануға үйрету мақсатында «AI-Teacher» жобасын іске асыру көзделіп отыр. «Smart-Mektep: жасанды интеллектпен оқимыз» жобасы облыстық дарынды балаларға арналған ІТ лицей-интернаты мен Тараз қаласындағы №1, 24 гимназияларда пилоттық режимде жүзеге асырылатын болады. Бұл жоба аясында аталған мектептер дрондармен қамтамасыз етіліп, оқушылар дронды басқару дағдыларын меңгерумен қатар, әр түрлі тәжірибелік зерттеулер жүргізуді үйренеді.
1 қыркүйектен бастап барлық білім беру ұйымдарында «Цифрлық сауаттылық апталығы» акциясын ұйымдастыру, ЖИ қолдану бағытындағы жобаларды жүзеге асыру, сыныптан тыс жұмыстарды, іс-шараларды өткізу, «Өңірлік үздік стартаптар» байқауын өткізуді дәстүрге айналдырамыз, – дейді басқарма басшысы.
Жаңа технологияларды мектеп бағдарламасына енгізу – елдің болашағына жасалған маңызды инвестиция. Бүгінгі оқушы – ертеңгі инженер, зерттеуші, бағдарламалаушы. Сондықтан мұндай бастамалар уақыт талабына сай келіп қана қоймай, Қазақстанның цифрлық болашағына берік негіз болмақ.