Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан сәл астам ғана уақыт қалды. Сондықтан, бұдан былай әр ата-ана балаларын мектепке дайындау әрекетіне кірісе бастайды. Ата-аналардың көпшілігі дәстүрлі тамыз жәрмеңкесін күтсе, кейбір отбасылар мектепке дайындықты осы шілде айында-ақ бастап кеткен көрінеді.
Жалпы, мектепке дайындық, әсіресе, көпбалалы отбасыларға оңайға соқпайды. Бір баланы киіндіріп, кеңсе тауарларымен қамтуға кемінде 100 мың теңге көлемінде қаражат қажет болса, бірнеше баласы бар отбасы үшін бұл шығын еселеп артатыны сөзсіз. Кейбір ата-аналар «бала болған соң алысып-жұлысып, киім-кешегін тез тоздырады, сол себепті кей кездері оны тоқсан сайын жаңартуға мәжбүрміз» дейді.
Жыл сайын көпбалалы және аз қамтылған, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және әлеуметтік осал топтар санатына жататын отбасылардың балаларына арналған республикалық «Мектепке жол» акциясы өткізіледі. Бұл игі бастама аясында демеушілер бірінші сыныпқа баратын балаларға оқу құралдарын, мектеп формасын, аяқ киімі мен өзге де қажетті тауарларды сатып әперіп, жан-жақты қолдау көрсетеді.
– «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының мақсаты – бірінші сыныпқа баратын балаларға материалдық көмек беру. Осыған орай, біз барлық білім ұйымдарына, меценаттарға хат жолдап, оқушыларды мектепке дайындауға қол ұшын беруді сұрадық. Акцияға қатысатын балалар тізімі әр ауданда 25 шілдеге дейін жасалады. Бүгінгі күні «Мектепке жол» акциясының жоспары бекітіліп, білім бөлімдеріне жолданды, – дейді облыстық білім басқармасының бас маманы Айгүл Шақшақова.
Айта кетейік, аталған акцияның игілігін көпбалалы отбасылардың көбі көре бермейді. Себебі, бұл көмекке қол жеткізу үшін жан басына шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болуы тиіс. Бұл талап, өкінішке қарай, бірқатар отбасыны аталмыш көмектен тыс қалдырады.
– Мен көпбалалы анамын. Мектепке биыл үш балам барады. Жаз басталысымен ақырындап жаңа оқу жылына дайындала бастаймын. Себебі, олардың бәрін бірден киіндіріп, қажетті құрал-жабдықтарын әперу, яғни, мектепке дайындау біз сияқты үлкен отбасыларға оңай емес. Бәрі қаржы мәселесіне келіп саяды. Қазір нарықтық заман болған соң, баға да бір орында тұра бермейді. Қымбатшылық басым. Сондықтан, алдын ала дайындалуға тура келеді. Әр баламның өз қатарынан қалмай жүргенін қалаймын. Шама-шарқымша әрқайсысының өз талғамы бойынша оқу киімдерін алып беруге тырысамын. Былтырғы бағаны есіме алсам, бір баланы мектепке дайындауға орта есеппен 110-120 мың теңге жұмсалыпты. Биыл үш балама бері алғанның өзінде 350-400 мың теңгеге дейін қаржы жұмсауым мүмкін, – дейді Ажар есімді ана.
Биылғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы көпшіліктің, әсіресе, кәсіпорын-ұйым, мекеме басшылары мен бизнес өкілдерінің, басқа да қалтасы қалың жомарт жандардың қолдауымен өз деңгейінде өтіп, балалардың мектепке алаңсыз баруына мүмкіндік туады деп сенеміз.