Медициналық пойыз қостанайлықтарға тегін қызмет көрсетуде

0 3

Ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетуді мақсат еткен «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Қостанай облысындағы Денисов ауданына келіп жетті. Әлеуметтік жоба аясында іске асырылып жатқан бұл бастама ауыл халқына тегін медициналық көмек көрсетуді көздейді.

Қазіргі таңда пойыз «Денисовка» стансасында тұр. Мұнда құрамында терапевт, хирург, педиатр, кардиолог, невропатолог, ЛОР, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, психолог сынды дәрігерлер және функционалдық диагностика мамандары бар топ жұмыс істеуде.

Медициналық пойыз заманауи жабдықтармен қамтылған. Ауыл тұрғындарына ультрадыбыстық зерттеу, ЭКГ, флюорография, гастроскопия, түрлі зертханалық талдаулар қолжетімді. Қажет болған жағдайда шағын хирургиялық араласулар да жүргізіледі. Бұл қызметтердің барлығы тегін ұсынылады.

Медициналық пойыз Қостанай облысы бойынша бірнеше елді мекенге аялдайды. «Денисовка» стансасынан кейін пойыз өз бағытын облыстың басқа да аудандарына жалғастырады.

Ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға Денсаулық сақтау министрлігі, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, сондай-ақ Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия қолдау көрсетіп отыр.