Премьер-Министр Олжас Бектенов Қытайдың «Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихаймен кездесіп, Түркістан облысындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін талқылады.
Жоба мақта өсіруден бастап иірілген жіп, мата, киім түріндегі басқа да дайын тоқыма өнімдерін шығаруға дейін өндірістің толық циклін, яғни, мақта агроөнеркәсібі кешенін қалыптастыруға бағытталған. Егіс алқаптарына 50 мың гектардан астам жер бөлінді, 10 зауыт салу жоспарланып отыр, оның ішінде 4-уі егіс алқаптарына жақын мақта өңдеу бойынша, 2-уі – заманауи су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, тамшылатып суару жүйелерін өндіру бойынша, сондай-ақ тігін және бояу-әрлеу фабрикасын қоса алғанда, 4 тоқыма зауыты бар. Инвестициялардың жалпы сомасы 200 миллиард теңгеден асады. 4 мыңнан астам жұмыс орнын, оның ішінде 3 мың тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Бүгінде кластердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін ПВХ құбырларын шығаратын зауыт іске қосылды, тоқыма фабрикаларының құрылысы басталды. Инвестор суару инфрақұрылымының (каналдар желісі, сорғы стансасы) құрылысын жүргізуде.
«Xinjiang Lihua (Group) Co., Ltd» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чжан Цихай еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуалды және жоба үшін өңірдің тиімді климаттық ерекшеліктерін атап өтті. Чжан Цихай биылғы қазан айынан бастап дайын өнімнің алғашқы өндірісін іске қосу жоспарланып отырғанын хабарлады.
Премьер-Министр іске асырылып жатқан жобаның мәнін және экономиканы дамытудағы кластерлік тәсілдің маңыздылығын атап өтті. «Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және нақты секторға инвестиция тарту міндетін қойды. Мақта-тоқыма кластерін құру өнімнің қосылған құнын арттыруға, қайта өңдеуге және еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға баса назар аудара отырып, ауылшаруашылығы өндірісін дамытуға ықпал етеді. Үкімет өз тарапынан қажетті қолдау көрсетеді», — деді Олжас Бектенов.