Кітап – біздің рухани құндылығымыз, теңдессіз байлығымыз. Өткен замандардың тұңғиық тереңінен сыр шертетін тарихты да, әдебиетті де, кітапханадан табамыз. Кітапхана – оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Кітапхана ісі мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады.
Мойынқұм ауданы құрылғаннан кейін көп ұзамай-ақ аудан орталығында 1965 жылы аудандық балалар кітапханасы ашылып, жұмыс істей бастады. Ол кезде оқырман саны 370 адам болса, кітап қоры 7200 дана ғана еді. 1980 жылдары 36 ауылдық, поселкелік кітапханалар аудан халқына қызмет көрсетті. Алайда 1997 жылы оңтайландыру мақсатымен барлық ауылдық кітапхана филиалдары жабылып, тек орталық кітапхана қалды. 2000 жылы «Мәдениетті қолдау» жылына байланысты аудан әкімінің шешімімен кітапхана филиалдары қайта ашылып, қызмет көрсете бастады. Қазіргі таңда жүйе бойынша 20 кітапхана, оның ішінде бір аудандық, бір балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және 18 ауылдық кітапхана халыққа қызмет етуде.
Осы уақыттың ішінде кітапхана ұжымы көптеген жоғары жетістіктерге жетті. Кітапханаларда кітап қорына жаңа түскен әдебиеттерге ұсыныстық тізімдер, жарнамалық парақ шалары ұйымдастырылып, оқырман сұранысын табуға көмектесіп, жөн сілтейтін библиографиялық картотекалар мен каталогтар жұмыс істеуде. Кітап беташары, оқырмандар конференциясы, пікір алмасу, жаңа кітаптардың тұсаукерсерлері өткізіліп тұрады.
Кітап қоры қазіргі таңда аудан бойынша 273707 данаға жетіп отыр, оның ішінде мемлекеттік тілдегісі 175351 мың дананы құрайды. Жыл сайын кітапхана 13400 оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапхана жанынан 2018 жылдан бастап, екі коворкинг орталығы, 9 цифрландырылған ақпараттық орталық жұмыс жасайды. Egov. kz электронды парталынан ауыл тұрғындарына қажетті анықтамаларды алып бере алады. Барлық кітапхана компьютермен, интернет желісімен қамтылған.
Кітап! Бұл сөз әр адам баласына таныс. Кейбір жандар үшін баға жетпес оқу құралы болса, кейбір жандарға жұмбақ әлем болып қала бермек. Кітаптің құдіретін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Сол құдіретті кітаптің бізге тигізер пайдасы өте мол. Ұлттық Құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кітап пен кітапхананың қоғамдағы орнын ерекше атап көрсеткен еді. Сол бастаманы бірінші болып қолдаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 2025 жылды облысымызда кітап оқу жылы деп жариялап, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасын ұсынып, өңір жұртшылығын кітап оқуға шақырды. Жобаның негізгі мақсаты – өңір тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығын артыру, оқырман мәдениетін қалыптастыру.
Кітап оқу тек білім алу ғана емес, кітап оқырманның ойлау қабілетін жақсартып, оның сөздік қорын молайтады, жан дүниесін рухани байытады және ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндік береді. Осы орайда кітапхана жұмысы да жанданары сөзсіз. Бүгінгі таңда түрлі жобалар арқылы кітапханаға оқырман тарту, кітап оқуға шақыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтсақ, республикалық «Бір ел – бір кітап», облыстық «Ел болып оқимыз» және жергілікті «Білімнің көзі кітапта» жобалары аясында байқаулар, көрмелер, әдеби кештер өтіп тұрады. «Кітап – өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес», деген Серке Қожамқұловтың сөзін еске алсақ адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе әдебиет арқылы да жеткен. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген еді Ғабит Мүсірепов.
Кітапты таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтын алғы шарттардың бірі. «Артық білім кітапта, Ерінбе оқып көруге», деп ұлы ақынымыз Абай жырлағандай ерінбей білім алуға асығайық. Бар білімнің патшасын тек кітаптан ғана таба алатынымызды ұмытпайық. Ел болып кітап оқуға шақырамын.