Ел экономикасы жан-жақты дамып келеді. Мегаполистерді былай қойғанда аймақтардың өзінде Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар мен Логистикалық және индустриялық парктер жаппай ашылуда. Бұл өз кезегінде елімізде электр қуаты тапшылығын тудырды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 117,9 миллиард кВт/сағатты, ал тұтыну 119,9 миллиард кВт/сағатты құраған. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдына Қазақстанның электр энергиясымен өзін-өзі толық қамтамасыз етуіне қол жеткізу және резервтерді қалыптастыру міндетін қойған болатын.
Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бұл стратегиялық міндетті жүзеге асыру бағытында Энергетика министрлігі 2035 жылға дейін қосымша 26 ГВт-тан астам энергия өндіруді көздейтін генерацияны дамыту бойынша кешенді бағдарламаны жүзеге асырып жатыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтың айтуынша, қазір 10 ГВт қуат көзін іске қосу жобалары пысықталуда. Тағы 5 ГВт шамасындағы қуатты қолданыстағы стансаларды жаңғырту есебінен қамтамасыз ету жоспарланған. Биыл 166 МВт – дәстүрлі, 455,5 МВт ЖЭК қуаты іске қосылатын болады.
Бұл орайда Мемлекет басшысының 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағытына сәйкес келетін нөлдік зиянды қалдықтарға жақын таза көмір технологияларымен байланысты перспективалы жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, ескірген көмір стансаларын кезең-кезеңімен ауыстыруға бағытталған екі ірі жоба қолға алынған. Олар – Екібастұздағы қуаттылығы шамамен 2,6 ГВт болатын ГРЭС-3 пен Курчатов қаласындағы қуаты 600-700 МВт болатын ЖЭО құрылысы.
«Самұрық-Қазына» қоры Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы жобасын жүзеге асырып жатыр. Ал, «Самұрық-Энерго» холдингі Екібастұз ГРЭС-2 стансасын кеңейту аясында үшінші энергоблоктың құрылысын жүргізуде. Алматыда ЖЭО-2 және ЖЭО-3 орталықтары газға көшіріліп, Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа ЖЭО-лар салынатын болады.
Батыс аймақтың энергетикалық жүйесін елдің Біртұтас электр энергетикалық жүйесімен біріктіру және Оңтүстік аймақтың қуатын арттыру жұмыстарымен «KEGOC» АҚ-ы айналысуда. Президенттің тапсырмаларын орындау аясында екі ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Біріншісі – 500 кВ «Қарабатан – Өлке» электр жеткізу желісі. Ол Атырау және Ақтөбе облыстарында электрмен жабдықтау сапасын арттыруға бағытталған. Екіншісі – Оңтүстік аймақтың электр желілерін нығайту аясында 500 кВ «Шу – Жамбыл – Шымкент» электр жеткізу желісінің құрылысы. Басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, барлық жұмыстарды 2027 жылдың ортасында аяқтау жоспарланған. Жалпы KEGOC 2,3 триллион теңгенің 8 ірі инвестициялық жобасын жүзеге асырмақ.
Осы мәселе қаралған Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов энергожүйенің тұрақты әрі болжамды жұмысы өнеркәсіптік өсім мен өңірлердің дамуына негіз болып, жаңа жобалардың іске қосылуына жағдай жасайтынын айта келе, жаңа қуаттардың белгіленген мерзімде іске қосылуын қамтамасыз ету қажеттігін атап көрсетті.