Шымкент қалалық әкімдігінде өткен мәжіліс барысында жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, жайлы ортаны дамыту, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармаларының есептері тыңдалды. Күн тәртібінде қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған негізгі жұмыстар мен жобалардың жүзеге асу барысы қаралды.
Басқарма өкілдерінің мәліметінше, бүгінде қала аудандарында жол салу және ішкі орам көшелерін асфальттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қалпына келтіру мен жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге басымдық беріліп отыр.
Сонымен қатар, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жаңа ойын және спорт алаңшалары, гүлзарлар салынып, халықтың игілігіне пайдалануға берілуде. Бұл – тұрғындардың қала кеңістігін дамытуға белсенді қатысуының нақты көрінісі.
Энергетика саласында да маңызды қадамдар жасалуда. Жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үй кешендерін электр энергиясымен қамту үшін үш түрлі мекенжайда инженерлік инфрақұрылымның құрылысы басталған. Бұл қала халқының өсіп келе жатқан сұранысына уақытылы жауап беру мақсатында қолға алынған.
Абаттандыру бағытында да жүйелі жұмыстар байқалады. Көше қиылыстары мен жол жиектеріне маусымдық гүлдер – раушан, қызғалдақ және біржылдық сәндік өсімдіктер отырғызылып, қала көркі жаңарып келеді.
Қала тұрғындарына арналған демалыс орындарын жаңарту жұмыстары да назардан тыс қалмаған. «Отбасы» аллеясы, «Жеңіс», «Этно», «Алатау» және «Абай» саябақтарында жаңа балалар ойын алаңдары орнатылып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ С.Бәйтереков атындағы гүлзарда да балаларға арналған инфрақұрылым іске қосылды.
Су ресурстарын тиімді пайдалану және табиғи нысандарды сақтау бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Қошқарата өзенінің жағалауын абаттандыру, «Кәусар» каналының бірінші және екінші кезеңдеріндегі жаңғырту, сондай-ақ «Ақсай-Қарабастау» каналы мен «Ақжар» су қоймасына күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Бұдан бөлек, қала аумағындағы каналдарды механикалық тазарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді.
Мәжіліс соңында қала әкімі жауапты басқарма басшыларына жұмыстардың сапасын бақылауда ұстауды және мерзімінде аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге, тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігін арттыру міндеттелді.