Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, сонымен қатар бала тұлғасын қалыптастырудағы тәрбиенің орны бөлек. Жалпы біздің қоғамда бала өмірі, бала құқы еліміздің Конституциясымен қорғалады. Себебі еліміздің ең басты Ата Заңында көзделген ережесінің бірінші бабы да «Қазақстанның басты байлығы адам және оның өмірі» деп басталады.
Бүгінгі күні қоғамда бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барлық жауапты органдардың ортақ міндеті. Осыған орай Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның қатысуымен жергілікті атқарушы органдармен және білім беру мекемелеріндегі психологиялық қызметтің жұмыс барысын зерттеу қорытындысы бойынша жиын өтті. Басқосуға облыс әкімдігінің білім, денсаулық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары, полиция департаменті мен прокуратура өкілдері, аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің жетекшілері, сондай-ақ «Жанұя» отбасын қолдау және психологиялық қолдау орталықтарының мамандары қатысты.
Жиында бала құқықтарын қорғау, буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың профилактикасы және психологиялық қызмет сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандардың айтуынша, облыста бұл бағытта бірқатар жүйелі шара жүзеге асырылған. Яғни, Психологиялық қолдау орталығы «Бала құқықтарын қорғау, әдістемелік психологиялық қолдау орталығы» болып қайта құрылып, штат саны 42-ден 73 бірлікке ұлғайтылған. Әлеуметтік осал топтағы 27605 және тәуекел тобындағы 7400 оқушы бойынша деректер базасы жасақталған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы қауіптің алдын алу мақсатында психикалық денсаулық және психологиялық қолдау орталықтары арасында меморандум мен өзара іс-қимыл алгоритмі бекітілген.
Бұдан бөлек, әрбір мектепте антикризистік жоспарлар әзірленіп, оқушылармен жеке және топтық кеңестер, педагогтермен интервизиялық жұмыстар жүргізілуде. «Қауіпсіз мектеп. Қауіпсіз орта», KiVa, «ДОСБОЛLIKE», «Отбасы мектебі» жобалары аясында 3050 іс-шара ұйымдастырылған. Барлық мектепке электрондық «Психолог кабинеті» платформасы енгізіліп, педагог-психологтерге арналған біліктілікті арттыру семинарлары өткізілуде.
Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Болатқызы жұмыс сапары аясында бірқатар білім беру мекемесін аралап, оқушылармен және мамандармен кездесіп, балалардың ішкі жан дүниесін анықтау бағытында әдістемелік жұмыстар жүргізгенін жеткізді. Ал облыс әкімінің орынбасары Диас Рахметұлы психологтердің жұмысын жүйелі түрде жетілдіру, әдістемелік қолдауды күшейту қажеттігін баса айтты. Жауапты мемлекеттік органдарға алдын алу шаралары бойынша нақты жоспар әзірлеу тапсырылды. Апта сайын психологтерге қосымша оқыту сабақтарын өткізу, электрондық жүйелерді тиімді пайдалану, аудандық кураторлардың мектептерге барып, өзекті мәселелерді зерделеуі міндеттелді.
Сондай-ақ сүйемелдеудің тізімінде тұрған балаларға көрсетілетін көмекті нақтылау, психологиялық орталықтың апта сайын талдау жүргізуі және оқушыларға сенім телефондары мен тиісті қызметтердің байланыс нөмірлерін қолжетімді ету қажеттігі атап өтілді. Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуді, мектеп психологтерінің жұмыс тиімділігін арттыруды және әр баланың психологиялық әл-ауқатын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиын қатысушылары өз ұсыныстарын айтып, пікір алмасты.