Маңғыстауда жаңа әлеуметтік жоба басталды

0 9

Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы «Ерекше қажеттілігі бар жастарды әлеуметтендіру» әлеуметтік жобасы басталғанын айтты.

Өңірлік қоғамдық коммуникациялар орталығының хабарлауынша, жобаның мақсаты — ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру арқылы аталған топтағы жастарды әлеуметтендіру. Жоба аясында ерекше қажеттілігі бар 150 жасқа бес бағыт, яғни, СММ, мобилография, тігін және қолөнер, аспаз, графикалық дизайн бойынша қысқа мерзімді курстарды өткізу жоспарланған.

Қысқа мерзімді курстар Ақтау қаласында тегін өткізіледі. Оған Маңғыстау облысымен қоса, барлық өңірлерден қатысуға болады, алайда басқа қала мен ауданнан келушілерге жол және тұру ақысы қарастырылмаған. Қатысушыларға сертификат табысталады.

«Егер сіз ерекше қажеттілігі бар 14-35 жасқа дейінгі Маңғыстау облысының тұрғыны болсаңыз және заман талабына сай мамандық иесі атанғыңыз келсе, мүмкіндікті жіберіп алмаңыз. Қатысуға өтінім жолдау үшін «Instagram» әлеуметтік желісіндегі @mangystau_jastar_basqarmasy БИО-сындағы сілтемеден өтіп, анкетаны толтыруыңызды сұраймыз. Жауапты басқарма осы сауалнамада көрсетілген жеке деректердің дербестігіне кепілдік береді».