Маңғыстауда 217 ауылшаруашылығы жобасы қаржыландырылады

0 2

Маңғыстау облысында ауылшаруашылығы саласы мемлекет қолдауының арқасында қарқынды дамып келеді. Бұл саланың өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан факторлардың бірі – инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы.

Жуырда «Жас құстарды өсіру және құстардың ата-аналық үйірін күтіп-бағу алаңын салу» жобасы қаржыландырылып, 50 жаңа жұмыс орнының ашылуы жоспарланған. Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Дастан Мұраталиевтің мәліметінше, қазіргі уақытта «АқтауАгро» ЖШС құрылыс жұмыстарын бастаған. Сонымен қатар, «АташФиш» ЖШС-нің «Балық өндіру» жобасы кеңейту мақсатында қаржыландырылған.

Ауылшаруашылығын дамытуда аймақтағы 2 ұн комбинаты мен 4 астық терминалының маңызы зор. Бейнеу астық терминалы қайта жанданып, 2024 жылы «Eurasia Translogistics» ЖШС басқаруына берілді. Каспий теңізі порттарында астық терминалдары тәулік бойы жұмыс істеп, Қазақстанның астық өнімдерін әлемдік нарыққа шығарады.

Биыл Маңғыстау облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған бірқатар шаралар іске асырылмақ. Ауылшаруашылығына мемлекеттік субсидиялар бөлініп, мал, өсімдік шаруашылықтарын дамыту, сондай-ақ инвестициялық субсидиялау салаларына қаражат бөлінеді. «Ауыл Аманаты» жобасы аясында 217 жаңа жоба қаржыландырылып, мал өнімдері, көкөніс өсіру, тауық шаруашылығы мен ауылшаруашылығы кооперативтерін құруға басымдық беріледі.

Жалпы, облыс бойынша агроөнеркәсіптік секторға көрсетілетін қолдау арттырылып, ауылшаруашылығындағы барлық жоспарланған жобалар мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етілмек.