Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адaмды мұратқа жеткізетін – aна тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз – тәуелсіздік, егемендіксіз тіл болмақ емес. Тіл тәуелсіздіктің қуаты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни қазақ жастары. Демек, біздің міндетіміз қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде тіл саясаты жүргізілуде. Мемлекеттік тілдің қолданылу aяcын кеңейту мен тiлгe дeгeн құрметті aрттырy мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес.
Тіл байлығы – әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – таусылмайтын байлық. Менің ойымша, бүгінгі таңда, әсіресе, болашақ ұрпақ үшін маңыздысы – қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Алайда, жаны қазақ, қаны қазақ ұлт үшін алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білу маңыздының маңыздысы болмақ.
Бүгінгі таңда ағылшын, орыс, түрік т.б тілдерді негізгі деп санайтын жастар саны артуда. Сонда өз ана тілі не болмақ?! Өз тілінде сайрап тұрмаса не шара?! Әрине, көп тіл білген жақсы. Бірақ, өз туған тілінде, ана тілінде дәмді де жүйелі сөз орамын құрай білу, әдеби тілде жұрт аузын ашатындай көркем сөйлеу әр қазақ баласының міндеті дегім келеді. Қазақ тілі – өте бай тіл. Ол – шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің құралы, қуатты қаруы. Амал не, осындай әдемі туған тіліміз бола тұра өзге тілде сөйлейтіндер көп-ақ. Төл тілде сөйлеуден безу ақ сүт беріп, асыраған анаңды ұмытумен бердей. Осы орайда Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі ойыңа еріксіз оралады.
«Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп айтып жүрміз. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның орынсыз шұбарлануының қандайына болса да қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату – әрбір адамзаттың абзал борышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын парасатты да білімді, іскер де қабілетті, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін құрметтеу, оны білу біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз. «Ана тіліне салғырт қарау – өз халқының өткеніне, бүгініне, болашағына немқұрайды қарау» деген пікірді Бауыржан Момышұлы өткен ғасырда-ақ айтып кеткен. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын барған сайын кеңейтіп, оны шын мәнінде қоғамдық қарым-қатынас тіліне айналдыру бүгінгі күннің талабы.