Ақкөл ауданындағы Кеңес ауылдық округіне қарасты Домбыралы ауылы малсақ қауымға өте ыңғайлы, шүйгін-шалғыны мол, құйқалы өңір. Осы жерді жайлаған «Бекхожин С.У.» шаруа қожалығы нәтижелі еңбегінің арқасында асылтұқымды қара малды өз төлі есебінен көбейтіп, өнімін бұлдап өткізіп, тәп-тәуір табысқа қол жеткізіп отыр.
Қара мал баққаннан көсегесі көгермейді деген теріс түсінікті жоққа шығару үшін осы шаруашылықтың тәжірибесін тарата айта кетудің реті келіп-ақ тұр. Ең алдымен бұл жерде қара малдың «герефорд» тұқымы өсірілетіндігін айта кетуіміз керек. Шаруашылық басшысы Саян Бекқожиннің пайымдауынша қысы-жазы бесбатпан бейнетін көріп, мал баққан соң еңбегің ақталатын асылын баққан абзал.
– Біз шаруашылық құрарда жан-жақты ақылдастық, – дейді Саян Ұланұлы, – бірден асыл тұқымды малға аңсарымыз ауды. Ес біліп етек жапқалы ел ішінде мал бағып келе жатқандықтан, оң-терісін таразылап, сарапқа салдық. Тұқымы азған жергілікті малдың еңбегіңді өтемесі анық. Бұрын-соңды бағып көрмеген соң құны қымбат асыл тұқымнан да қауіптендік. Сырын білмеген соң «сыртынан қалай жүрерсің». Ақыр соңында, «тәуелкел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» дегендей, ата кәсіпті жаңа белеске шығаруға бел будық.
Асыл тұқымды мал малсақ қауымның үмітін ақтапты. Қазіргі күні шаруашылық төңіректегі елді мекен тұрғындарын дәмі тіл үйіретін сапалы етпен қамтамасыз етіп келеді. Ауылшаруашылығын дамытатын бағдарламалардың да белсенді қатысушысы. Ең бастысы, Домбыралыдағы төрт түлікке үйір талапты жастарды баулып, адал еңбектің әліппесін үйретіп жүр.
Мал басын өз төлі есебінен көбейтуді мұрат тұтқан шаруашылық бүгінде 250 бас ірі қара, 200 қой, екі үйір жылқы бағады. Шағын шаруашылық үшін жап-жақсы көрсеткіш. Мал болғанда қандай, кілең асыл тұқымды. Небары 18 айдың ішінде тірідей салмағы 500 килодан асып жығылады.
– Өмір бойы мал ішінде келе жатқандықтан, ата кәсіптің жай-күйін бір адамдай білемін, – дейді шаруашылық басшысы, – Меніңше елде тұрып мал баққысы келген адам алдымен ыстығына күйіп, суығына тоңуы керек. Бұрынғылар «жылқыны жылқының өзіндей қайратты адам ғана баға алады», дейтін. Осы бір ауыз сөздің астарында ата кәсіптің бар ауыртпалығы, қиындығы қылаң беріп тұр емес пе? Бүгінде мал бағудың да жосығы өзгерген. Кешегі кеңес заманында қоғамның жұмысынан қолы босамайтын ауыл адамдары қорасындағы бірді-екілі сиырға таңертең бір, кешке бір айыр шөп сала салатын. Егер мал бағып, табыс тапқың келсе, бұл шаруаға жан-тәніңмен берілуің керек. Малдың ішінде өзің күні-түні жүрмесең өспейді.
Бұл шаруашылық – аудандағы асыл тұқымды ірі қара өсіріп, табысқа кенеліп отырған ұжымның маңдайалдысы. Шаруашылық мал басын көбейтумен қатар, бұл тараптағы жаңа заманғы технологияларды игеріп жатыр. Ілкімді жұмыстың арқасында тиімділігі де күн өткен сайын көзге ұрып тұр. Шаруашылықтағы қол еңбегін азайту деген ұмтылыс бұрынғы бейнетті жеңілдете түсіп отыр.
– Шаруашылықтың тәжірибелі басшысы ең алдымен өз ісіне деген сүйіспеншілігі бар адам, – дейді Кеңес ауыллық округінің әкімі Мадияр Жетпісов. – Шағын шаруашылық болса да елдегі әлеуметтік мәселелерді оңынан шешуге септігін тигізеді. Қайырымдылық деген жақсы қасиет. Оның үстіне әрбір жұмыс орны қымбат.
Бұрынғылар «елде болса ерніңе тиеді» деген сөзді біліп айтқан. Ауыл аймақта осындай бас көтерер азаматтардың адал еңбегімен көркейген шаруашылықтар көбейген сайын жергілікті жердегі мәселелер де шешіле бермек. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан төрт түлік малмен айналысамын дегендерге қыруар көмек бар. Тек соны ұқсата білген жөн.
– Алдағы уақытта мал басын көбейтпек ойдамыз, – дейді Саян Ұланұлы, – ол үшін мал тұқымын жақсарта беруіміз керек. Кейде менен неге «герефорд» бағасың деп сұрайды. Өзге малсақ қауым да құлақтана жүрсін деп бұл тұқымның артықшылығын бір ауыз сөзбен айта кетейін. Ең алдымен өнімділігі жоғары, төзімді, көп ауыра бермейді. Аз бақсақ та асылын бағып, игілігін көріп отырмыз.