Құландық ерлі-зайыпты Бауыржан Исаев пен Ботагөз Болатқызы туған төрт балаларынан бөлек, ата-ана қамқорлығынсыз қалған екі баланы бауырына басып, отбасылық татулықтың жарқын үлгісін көрсетіп келеді. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші шаттыққа бөленген шаңырақта арнайы болып, отанасы Ботагөз Болатқызымен тілдескен едім.
– Ботагөз ханым, отбасыңыз жайлы айтсаңыз. Жұбайыңыз екеуіңізге алты баланы бірдей тәрбиелеп өсіру қиынға соқпай ма?
– Өзім Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылының тумасымын. Бүгінде аудандық білім бөлімінде мектепке дейінгі тәрбие ісі бойынша қызмет атқарамын. Жұбайым Бауыржан Қайыңды ауылынан. Әскери қызметкер. Отбасы құрғанымызға 14 жыл болды. Қазір қолымызда алты баламыз бар. Негізі он еді, бірақ төртеуін ата-анасы табылған соң, қайтаруға тура келді. Алты баланы бағып-қағу «ешқандай да қиынға соқпады» деп айта алмаймын. Белгілі бір дәрежеде қиындықтар болды. Бірақ сол қиындықтарды төзім мен балаларға деген сүйіспеншіліктің арқасында еңсере білдік. Сол сәттер еске түскенде, отбасымызбен күліп алатын жағдайымыз бар.
– Балалар бір-бірлерін бөтенсінбей ме?
– Жоқ, керісінше балаларымыз бір-біріне бауыр басып кеткен. Хакім Абай: «Балаға үш мінез алуан адамнан жұғады. Біріншісі – ата-анадан, екіншісі – ұстаздан, үшіншісі – құрбыдан», – дейді ғой. Қай бала болса да, құрбысы мен ұстазынан гөрі отбасында көбірек болатындықтан, ата-анасының үйдегі өнегесі, мәдениеті мен ішкі жан дүниесі балаға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан құлақтарына үнемі бір-біріңе бауырмал, жанашыр болыңдар, деген сөзді құйып отырамыз.
– Сіздер сияқты жас отбасының бұндай бастамаға баруына не себеп болды?
– Қазақ ертеден «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты сөзді бойына терең сіңіріп өскен халық қой. Өкінішке қарай соңғы уақытта іштен шыққан баласын далаға тастап кететіндер саны көбейді. Десек те дана халқымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп, баланың көптеп дүниеге келуін тілеп, ұрпағының көбейіп, шаңырағының кеңейгенін жақсылыққа балаған. Сондықтан біз де қуанышымызды молайтып, үйдің берекесін кіргізетін балалар екенін ұғып, бірнеше бүлдіршінді өз мейірімімізге аламыз деп шештік.
– Естуіміз бойынша, «бақыттың кілті отбасындағы сыйластық пен мейірімділікте» деп түсінетін сіздердің шаңырақ бұған дейін көптеген жетістіктерге жетіп үлгерген екен. Сол жайына тоқталып өтсеңіз?
– Ең алғаш 2019 жылы Астана қаласында өткен “Әскер тарландары” байқауына бардық. Нәсібімізге орай, бас жүлде бұйырды. 2021 жылы да бағымызды сынамақ болып, республикалық “Мерейлі отбасы” байқауының аудандық, одан соң облыстық кезеңіне қатыстық. Одан да құралақан қайтқан жоқпыз. Жүлделі I орын алдық. Ал облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен “Парасатты отбасы” байқауында тағы да бас жүлдеге ие болдық.
— Бүгінде балаларыңызға “отбасы институтын” бере алдық деп ойлайсыз ба?
– Ғылым тілімен айтылып жүрген «отбасы институтын» қазақ ежелден «тәрбие тал бесіктен құралады» деп ұғынып, ұрпағына сіңіре білген. Қазақ дәстүрі отбасының әр мүшесіне өзіндік құрмет көрсетеді. Ақсақал, ана, келін, ұл, қыз, жезде, қайын т.б отбасы мүшелерінің орны бөлек болып есептеледі. Бұхар жыраудың «Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» дегеніндей, балаларымның әрқайсысына отбасы мүшелерін құрметтеп, олармен қарым-қатынаста жақсы болу қажеттігін айтып отырамын. Бүгінде отбасының қамы, бала-шағаның бір үзім наны үшін таңнан кешке дейін жұмыста жүретін кейбір ата-аналар баланың тәрбиесін мектепке сілтеп, бейқам жүреді. Меніңше бұл дұрыс емес. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген екен Әбу Насыр әл-Фараби. Әлемнің екінші ұстазы айтқандай, бала тәрбиені отбасынан алуы керек деп білемін. Себебі ұлттық тәрбие тұнығынан сусындаған ұрпақ қана ұлт қамын жеп, ел-жұртының ертеңін ойлайды. Бақ-береке ұялап, ырыс-ынтымағы жарасым тапқан отбасынан өр рухты, асқақ арманды, биік мұратты ұрпақ түлеп ұшады.
– Бақыттарыңыз баянды, отбасыларыңыз берекелі болсын!
ТҮЙІН: Бауыржан мен Ботагөздің жан-жағын үйіріп алатын бұл игі істеріне «Бәрекелді!» деп айтатын жандар көп бұл төңіректе. Еңбекпен есейген жандар келешекте ұрпақтары отбасы сыйластығынан ажырамайтынына сенімді. Себебі татулық пен елдік те, тіпті, ерлік пен теңдік те осы бірліктен шығатынын жақсы біледі олар. Өз қоғамында салиқалы да дара азаматтардың болғанын қалаған әр адам жетімдеріне осылай бас-көз болулары керек. Себебі олар да қоғамның тірегі, болашақтың тізгінұстарлары.