Тараз қаласының орталық алаңында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысы бойынша күш құрылымдарының гарнизондық жиыны өтті. Салтанатты шараны облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев ашып, тәртіп сақшыларына жүктелген міндеттердің маңыздылығына тоқталды.
Гарнизондық сапқа Полиция департаментінің жеке құрамымен қатар, жергілікті атқарушы билік өкілдері, ішкі істер саласының ардагерлері, еріктілер мен қоғам белсенділері, сондай-ақ жекеменшік күзет ұйымдарының қызметкерлері де тартылды. Бұл – қалада тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне қоғамның әртүрлі өкілдері бірлесе атсалысып жатқанын көрсетті.
Жиын барысында Бақытжан Малыбаев полиция қызметінің басты бағыты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтау екенін атап өтті. Ол әр қызметкерден кәсіби дайындықпен қатар, адамгершілік қасиет – сыпайылық пен сабырлықты талап етті.
– Полиция халықпен бірге жұмыс істеуі керек. Қоғамдық сенім – біздің басты тірегіміз, – деді департамент басшысы.
Жиын аясында саптық тәртіп пен нысанды киім үлгісі, қызметтік автокөліктердің техникалық жарақтандырылуы тексерілді. Арнайы құрал-жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарының дайындығы да назардан тыс қалған жоқ.
Құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеліп, облыстағы жедел жағдайға байланысты бағыттамалар ұсынылды. Бұл – өңірдегі қауіпсіздікті күшейтуді көздейтін жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
Іс-шара соңында гарнизон қызметкерлері әскери оркестрдің сүйемелдеуімен саптық марш жасап, қоғамдық тәртіпті күзетуге ресми түрде кірісті.