Бүгінде ел аумағының шамамен 5 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды экожүйе, оны көздің қарашығындай сақтау, қорғау және көбейту – мемлекет алдында тұрған стратегиялық міндет. Бұл бағытта Мемлекет басшысы нақты тапсырмалар беріп, орман қорын сақтау мен қалпына келтіру жұмыстарының маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Алайда, соңғы жылдары елімізде орман өрттерінің қаупі толастамай тұр. Абай, Қостанай облыстарында он мыңдаған гектар алқапты қызыл жалын шарпыды. Бұл жағдай табиғатты қорғау саласында жүйелі, кешенді шаралар қабылдауды қажет ететінін көрсетті.
Орман өрттерінің алдын алу үшін қандай нақты шаралар қажет? Орман шаруашылығын тиімді ұйымдастыру, оны заманауи техникамен жабдықтау, кадрлық әлеуетті нығайту бағытында не істелуі тиіс? Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті осы және өзге де маңызды мәселелерге қатысты Қостанай облысында көшпелі отырыс өткізді. Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен жиында орман қорын сақтау, қорғау, дамыту және басқару мәселелерін талқылады. Көшпелі отырысқа барлық облыстардың жауапты басшылары онлайн режимде қатысып, өңірлердегі жағдай мен ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай форматтағы диалог орман шаруашылығын жақсарту бағытында бірлескен, үйлестірілген әрекеттер жасауға жол ашады.
Жиын барысында орман саласындағы өзекті түйткілдер ашық айтылып, нақты ұсыныстар ортаға салынды. Комитет өкілдерінің айтуынша, тиісті министрлік бұл бағытта жүйелі жұмыс бастады. Оның ішінде өрттен зардап шеккен орман алқаптарын қалпына келтіру, өртке қарсы инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы жетілдіру сияқты маңызды бастамалар қолға алынуда.
Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин орман алқаптарын ұлғайту қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын алға тартып, бұл мәселеге Президент ерекше мән беретініне тоқталды. Қазіргі таңда осы салада бірқатар жүйелі проблема бар. Оларды шешпей, нақты нәтижеге қол жеткізу қиын екенін алға тартты.
Жиынға қатысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов оңғы екі жыл ішінде материалдық-техникалық базаны нығайтуға 4,4 миллиард теңге бағытталғанын айтты. Бұл – барлық облыстардағы орман шаруашылықтарының автопаркін жаңартуға кеткен шығындардың шамамен 43 пайызын құрайды. Облыстың орман шаруашылықтарының автопаркі 27 өрт сөндіру көлігімен, 59 трактормен және 39 патрульдік автокөлікпен толықтырылған. Заманауи техникамен одан әрі жабдықтау мақсатында биылғы жылы тағы 26 өрт сөндіру көлігін, 28 тракторды және 36 шағын орман-өрт кешенін сатып алу жоспарлануда. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард теңге қарастырылған. Орман қорын дамыту және нығайту шаралары толық көлемде қаржыландырылуда. Дегенмен, заңнамалық тұрғысынан бірқатар мәселелер бар екенін жасырмады.
«Сонымен қатар, орман қорымен шектесетін аумақтарда ауылшаруашылығы алқаптарын және сабан мен өсімдік қалдықтарын жағуға толық тыйым салу қажет. Әдетте, шалғайдағы елді мекендерде Төтенше жағдайлар бөлімінің күштері мен құралдары болмайды. Қазіргі уақытта барлық жүктеме ғимараттары жартылай жарамсыз орман өрт сөндіру стансаларына түсіп отыр. Облыстағы орманшылықтардың көпшілігі халқы 50 адамға дейінгі шалғай елді мекендерде орналасқан. Мұндай жерлерде орман өрт сөндіру стансаларын салу орынсыз. Соған қарамастан, орман өрт сөндіру стансаларының ғимараттарына бірқатар талаптар қойылған: оларда демалуға, тамақ ішуге арналған бөлме, жуыну бөлмесі, құжаттар мен жабдықтарды сақтау бөлмелері болуы тиіс. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне шалғай елді мекендерде орналасқан орманшылықтардың аумағындағы қолданыстағы ғимараттарды тиімді пайдалана отырып, орман өрт сөндіру стансаларын құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Отырыста қаралған ең өзекті мәселелердің бірі – өрт шалған ағаштарды тез арада іске жарату қажеттігі болды. Себебі, уақыт озған сайын ағаштардың сапасы төмендеп, оларды кәдеге жарату мүмкіндігі азая түседі. Өртенген ағаштарға дер кезінде шара қолданбаса, оларды зиянкестер мен құрт шірітіп, мүлде жарамсыз етіп жіберуі мүмкін. Бұл – тек экономикалық емес, экологиялық тұрғыдан да күрделі мәселе. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін тауып, заң тұрғысынан қаралатын болады.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев 2021-2024 жылдар аралығында мемлекеттік орман қорына 736,8 мың гектар алқапқа 1 миллиард 150 миллион көшет отырғызылғанын атап өтті. Өткен жылы техника мен жабдықтарды сатып алуға республикалық бюджеттен 5,4 миллиард теңге бөлініп, оған 13 өрт сөндіру машинасы, 45 шағын орман патрульдік кешен, 13 трактор, 82 патрульдік автомобиль және басқа да техника мен жабдықтар сатып алынған.
Жиында Мәжіліс депутаттары орман қорында көміртегі офсеттерін іске асыруға, өрт қаупіне қарсы жанар-жағармай мен авиаотын резервтерін құруға, орман қорғау қызметкерлеріне қолдау көрсетуге бағытталған нормаларды қабылдағанын айтып, орман шаруашылығы саласындағы бірқатар өзекті мәселеге назар аударды. Сонымен қатар, кадр тапшылығына да ерекше мән берілді. Жас мамандардың салаға келуі баяу, ал бұл болашақта кәсіби кадр тапшылығын тудыруы мүмкін екендігі айтылып, жастарды орман шаруашылығына тарту үшін нақты әрі жүйелі қолдау шаралары қажеттігі сөз болды.
Жиында қаралған өзекті мәселелердің бірі – орманға отырғызылатын көшеттердің басым бөлігі шет мемлекеттерден, әсіресе Ресей Федерациясынан әкелінетіні болды. Бұл – орман шаруашылығы саласындағы жүйелі жоспарлау мен тұқым шаруашылығының әлсіздігін көрсететін маңызды мәселе.
Неліктен еліміздің орман шаруашылықтарында өзіміздің тұқым егу алқаптары жеткілікті деңгейде дамымаған? Бұл сұрақ мамандар тарапынан жиі көтеріледі. Мәселен, Қостанай облысында да бұл мәселе өзекті болып отыр. Аймаққа жыл сайын 5 миллионға жуық көшет сырттан, яғни Ресейден жеткізіледі. Бұл – бір жағынан экономикалық тиімсіздік туғызса, екінші жағынан тәуелділікке алып келеді. Сонымен қатар, сырттан алынатын көшеттердің климатқа бейімделу көрсеткіші де әрқашан жоғары бола бермейді. Бұл сұраққа облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Гүлжанат Керібаева: «Біз өзімізді тұқыммен толығымен тек 2029 жылы ғана жабдықтай аламыз», – деп жауап берді.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс әкімдіктеріне бірқатар нақты ұсыныс жолданып, шешімін табады.