Көпшілікке зиян келтіретін қаржылық алаяқтықтың негізгі түрі қаржы пирамидалары екені белгілі. Қазіргі таңда қаржы пирамидалары өздерін жоғары кірісті инвестициялар саласындағы табысты ұйымдар ретінде көрсете бастады. Алаяқтар заңды микроқаржы ұйымдары, букмекерлік кеңселер, тұтыну кооперативтері және жабық инвестициялық пай қорлары ретінде жасырына алады. Қаржы пирамидалары әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді, онлайн-табыстар немесе онлайн-жобаларды ұсынады. Сонымен қатар, танымал мессенджерлерде чаттар жасайды және қатысушыларды түрлі ұтыс ойындарымен, сауалнамалармен және басқа да маркетингтік амалдармен тартады.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында қоғамдағы заң мен тәртіпке ерекше назар аударып, азаматтардың қаржылық сауаттылығын артыруға баса мән беріп келеді. «Әділетті Қазақстан: заң мен тіртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында:
Цифрлық технологиялардың күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтыруда. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан, қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте «Amanat» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал, биыл одан да көп адам қатысады.
Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын реттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді.
Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа да заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс» деді.
Осы орайда, Жамбыл облысы аумағында түрлі кешенді шаралар қабылданған. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің 2023-2024 жылдар аралығында қабылданған іс-шараларының нәтижесінде алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға 45 миллион теңгеден аса келтірілген залал өтелген. Біздің облыстағы өзекті мәселенің бірі – жанар-жағармайды Қырғызстанға заңсыз шығаруға қарсы күрес. Аталған мәселені шешу мақсатында «Переток» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу алгоритмі әзірленіп, нәтижесінде жанар-жағармайды сыртқа шығару 65 пайызға азайған.
Өткен жылы Жамбыл облысында қаржы пирамидаларын ұйымдастырушыларға қатысты 3 қылмыстық іс орын алған. Аталған қылмыстық істер жәбірленушілердің арызы негізінде ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті арқылы тіркелген. Ал, ағымдағы жылдың 3 айының қорытындысы бойынша 5 қылмыстық іс тіркелген. Жалпы соңғы үш жылда қаржы пирамидаларының әрекетінен облысымыздың 200-ден астам азаматы зардап шеккен. Дегенмен, бұл экономикалық тергеп-тексеру департаментіне өтініш білдірген адамдардың саны ғана.
Әдетте ірі алаяқтық ұйымдар өздерінің қылмыстық схемаларын бүкіл республика аумағында жүзеге асырады. Қаржы пирамидалары қысқа уақыт қана жұмыс істейді, ерте ме, кеш пе, алаяқтық схемалар жүздеген адамдарға шығын әкеледі. Шынында да, мұндай құрылымдарға салынған қаражатты алу мүмкін емес. Пирамиданы ұйымдастырушылар алданған салымшылардың ақшасын сақтықпен алып, оларды түксіз қалдырады. Қиындыққа тап болған инвесторлар ақшаны қайтаруға болмайтынын түсініп, құқық қорғау органдарына өтініш жазады. Бұл әлемнің көптеген елдерінде ондаған жылдар бойы болды. Тек қаржы пирамидаға арналған тақырыптар, сондай-ақ азаматтарды алдау схемалары өзгереді. Ал, принцип тұрақты. Сондықтан күдікті ұйымдардың құрығына ілініп қалмай, тапқан табысты байыппен жұмсаған абзал.