«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясы Абай облысында колледж директорларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен алдағы республикалық референдумның маңызы кеңінен талқыланды.
Жиынды жүргізген облыстық мәслихат төрағасы, коалиция жетекшісі Шалқар Байбеков бұл кезең ел тарихындағы жауапты белес екенін, жаңа редакцияда мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған өзгерістер қарастырылғанын атап өтті. Сонымен қатар ұстаздардың қоғамдағы рөліне арнайы тоқталды. «Ұстаздар – тек білім беруші емес, қоғамдық пікір қалыптастырушы күш. Қоғамдағы өзгерісті терең түсініп, оны сауатты жеткізе алатын – білім саласының өкілдері. Сондықтан бұл кезеңде сіздердің жауапкершіліктеріңіз айрықша», – деді коалиция жетекшісі.
Облыстық мәслихат депутаты Шағангүл Жанаева Конституция жобасының қазақ тілінде әзірлену сапасына назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдегі мәтін мазмұндық тұрғыдан жүйеленген, терминологиялық нақтылық сақталған. Ал Әлихан Бөкейхан университетінің проректоры Айрат Базенов жобаның преамбуласына тоқталып, онда әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірлік, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік, адам капиталы, білім мен ғылымды дамыту сияқты стратегиялық құндылықтар айқындалғанын айтты. Зайырлы мемлекет қағидатының сақталғанын және тіл мәселесінің нақты бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа даму кезеңінде білім, ғылым және инновация елдің басты басымдығына айналуға тиіс. Коалиция мүшесі Алмас Атмұқаш Жаңа Ата Заң жобасын тарихи шешім ретінде бағалап, құжатта адами капиталға басымдық берілгенін атап өтті.
Абай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Эльзира Солтабаева жаңа жобада адам қадір-қасиетін қорғау, жеке өмірге қол сұқпаушылық, цифрлық деректер қауіпсіздігі, сөз бостандығы, зайырлы білім беру ортасын сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағыттарының күшейтілгенін атап өтті. Сондай-ақ жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, буллинг пен зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділік қалыптастыру білім беру ұйымдарының маңызды міндеті екенін айтты.
Көлік колледжінің директоры Қаныш Тулеуов: «Бұл – еліміздің ұзақ мерзімді даму стратегиясына сәйкес келетін маңызды қадам. Білім беру ұйымдары ретінде қоғамға шынайы әрі түсінікті ақпарат жеткізуге дайынбыз. Референдум – әр азаматтың жауапкершілігін айқындайтын тарихи сәт», – деді.
Кездесу ашық форматта өтіп, қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.
Жиын соңында референдумға дайындық аясындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын үйлестіру мәселелері қаралды.