Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Жағыпар Исатаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Кездесу барысында қаржы пирамидалары, заңсыз ойын-сауық бизнесі, акцизделетін өнімдердің және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы сияқты көлеңкелі экономика саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Жағыпар Қожахметұлының айтуынша, қаржы мониторинг органдарының негізгі мақсаты – ел экономикасының тұрақтылығын сақтау, азаматтардың құқықтарын қорғау және көлеңкелі экономикамен күресу. 2023 жылғы 14 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар осы бағыттағы жұмыстардың дәлелі.
Департамент пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірлесе отырып, ай сайын заңсыз кәсіпкерлік, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы және қаржы пирамидалары бойынша «дөңгелек үстел» өткізеді. Сонымен қатар, облыста жанар-жағармай материалдарын заңсыз тасымалдау мәселесіне ерекше назар аударылуда. «Переток» жедел-профилактикалық шарасының нәтижесінде ЖЖМ-дың заңсыз шығарылуы 65 пайызға азайып, ауылшаруашылығы саласындағы шаруаларға оң әсерін тигізді.
Баспасөз конференциясында қаржы пирамидаларының азаматтарға келтіретін зияны туралы да кеңінен айтылды. 2024 жылдың алғашқы үш айында қаржы пирамидаларына қатысты бес қылмыстық іс тіркелген. Өткен үш жыл ішінде облысымызда 200-ден астам адам қаржы пирамидаларының құрбаны болыпты.
– Қаржы пирамидалары азаматтардың сенімін пайдаланып, оңай табыс табуды уәде етеді. Алайда, шын мәнінде бұл – алаяқтықтың айқын түрі. Қылмыскерлер сіздің ақшаңызды алғаннан кейін, не жоғары пайыз төлеуге, не бастапқы салымды қайтаруға міндетті емес. Сондықтан азаматтарды күмәнді ұйымдарға қаржы құюдан сақтануға шақырамыз, – деді Жағыпар Қожахметұлы.
Мысалы, тергеп-тексеру барысында «Chia Tai» қаржы пирамидасының ұйымдастырушысынан заңсыз табыс ретінде алынған пәтер мен 10 миллион теңге тәркіленді. Ал, биыл ақпан айында Қазақстан бойынша кең таралған «Асар Баспана» қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Ұйым салымшыларды жылжымайтын мүлік, көлік немесе тұрмыстық тауарлар сатып алу үшін қаражат салуға шақырып, ай сайын 30%-ға дейін пайда табуға уәде еткен. Тінту кезінде ұйымдастырушылардан 1,2 миллиард теңге, 13 премиум-класты автокөлік тәркіленіпті.
– Қаржы пирамидаларына адамдар тек салымшы ретінде ғана емес, қасақана немесе байқамай, жарнамалаушы және жаңа мүшелерді тартушы ретінде де қатысып кетуі мүмкін. Бұл үшін де заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал жарнамалаушылар 3 жылға дейін сотталады, – деді Жағыпар Қожахметұлы.
Департамент мамандары қаржы пирамидалары мен көлеңкелі экономикаға қарсы күресте тек қылмыстық іс қозғаумен ғана шектемей, алдын алу және түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. 2024 жылы қаржы пирамидасы белгілері бар 4 300 сайт бұғатталған. Сондай-ақ облыс мектептері мен колледждерінде қаржылық сауаттылық бойынша 80-нен астам дәріс оқылған. Азаматтар қаржы пирамидаларының заңсыз әрекеттеріне қатысты ақпарат алу үшін «Байқа, пирамида» «Telegram-ботын» немесе ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің сайтына жүгіне алады. Сондай-ақ облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің сенім телефоны: 34-75-38.
Баспасөз конференциясы соңында Жағыпар Исатаев барлық азаматтарды қырағы болуға және қаржы пирамидаларына алданып қалмауға шақырды.
– Қаржы пирамидаларына қатысудың салдары ауыр болуы мүмкін. Күмәнді ұйымдарға ақша салмас бұрын, заңды тұрғыдан тексеріп, сараптаңыз. Құқық бұзушылықтарды анықтасаңыз, міндетті түрде тиісті органдарға хабарлаңыз, – деп түйіндеді спикер.
Брифинг соңында БАҚ өкілдері спикерге сұрақтар қойып, нақты жауаптарын алды.