Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен тікелей байланысты.
Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров болжам бойынша биыл егіс алқабы 23,8 млн. га құрайтынын, бидайға 429,2 мың га қысқартумен 13,3 млн га жер бөлінетінін айтты. Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыру көзделуде. Атап айтқанда, биыл 3,2 млн. гектар алқапқа майлы дақылдар егілмек. Cондай-ақ күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдар көлемін 60 мың гектарға ұлғайтып, жалпы алқапты 1,2 млн гектарға дейін, қант қызылшасын 12 мың гектардан 25 мың гектарға дейін жеткізу күтілуде.
Дәнді, көкөніс-бақша дақылдары мен картоптың жоспарланған көлемі ішкі нарық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жем-шөп дақылдарының ауданы 3,2 млн гектарға дейін ұлғаяды. Егіс жұмыстары Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарында басталып, мамыр айының екінші онкүндігінде жаппай науқан басталады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев диқандарды арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндады. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 340 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілді. Баға барлық 20 өңірде 2023 жылғы деңгейде қалды – ҚҚС-мен литрі 250 теңге. Бұл бөлшек сауда құнынан 15%-ға төмен.
Сондай-ақ егіс жұмыстарының басталуы және өз болжамдары туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов баяндады.
Премьер-Министр Олжас Бектенов егіс науқанын сапалы әрі уақытылы жүргізу мақсатында Үкімет қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жеңілдікпен 140 млрд. теңге несие беріледі. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерден қосымша 100 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ форвардтық сатып алуға 40 млрд. теңге және субсидиялар түрінде 95,4 млрд. теңге қарастырылған.
Олжас Бектенов суармалы алқаптарды кеңейту, егіс алқаптарын әртараптандыру және қажетті статистикалық деректерді өзектендіру керек екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс ай сайын Үкіметте қаралатын болады. Сондай-ақ Премьер-Министр бүгінде елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бойынша да проблемалар жеткілікті екенін, импортқа тәуелділік бар екенін атап өтті. Әсіресе, бұл ұсақ және орта шаруашылықтар үшін өзекті болып отыр. «Фермерлер жақсы тұқымға қол жеткізу мүмкін еместігін айтып, шағымданады. Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлуі керек. Біздегі климаттық жағдайларға төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажет. Сонымен қатар агротехнологиялық талаптардың сақталмауы да өнімнің көлемі мен сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Ең алдымен, бұл – минералды тыңайтқыштардың, пестицидтер мен өсімдіктерді қорғайтын басқа да құралдардың қажетті мөлшерін қолдануға қатысты мәселе. Бізде тыңайтқыштарды қолдану деңгейі ғылыми қажеттіліктің небәрі 21%-ын ғана құрады», деп атап өтті Үкімет басшысы.
Биыл Қазақстанда топыраққа 1,5 млн тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Ауылшаруашылығы министрлігі субсидиялаудың жаңа тетігін әзірледі, оның аясында шаруаларға арзандатылған тыңайтқыштар алдын ала берілетін болады. Тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен бөліп-бөліп беру мәселесі зауыттармен пысықталуда. Олжас Бектенов Президент бұл көрсеткішті барынша ұлғайту туралы нақты міндет қойғанын еске салды. Жоспар бойынша биыл тыңайтқыштарды қолдану деңгейін 46%-ға жеткізу қажет. Ол әрі қарай, яғни ғылыми талаптар толық орындалғанша тұрақты түрде өсіп отыруға тиіс.
Үкімет отырысында ауылшаруашылығы техникасының тозуы туралы мәселе көтерілді: қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75%-дан асады. Премьер-Министр қазақстандық диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажеттігін атап өтті. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15% жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс. Олжас Бектенов бұл шаруаларға өздерінің айналым қаражатын сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтты. «Фермерлер өздеріне тиесілі субсидиялардың тым кешігіп төленетініне наразылық білдіруде. Өткен жылғы субсидиялар бойынша қарыз 160 млрд теңгеден асып кетті. Бұл қаражатты егіс жұмыстарына жаратуға болатын еді. Жеңілдікті дизель отынын үлестіру барысы да ерекше бақылауда болуға тиіс. Алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керек», деп түйіндеді сөзін Премьер-Министр.
Үкімет басшысы қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді:
- Энергетика, Ауылшаруашылығы министрліктері мен облыс әкімдіктері арзандатылған отынның бөлінген көлемін жеткізуді бақылауға алып, операторлардың оны дер кезінде тиеп-жөнелту жұмыстарын қамтамасыз етуге тиіс.
- Ауылшаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары шеңберінде жем-шөп дақылдарының қажетті көлемін егуді қамтамасыз етсін.
- Су ресурстары министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, вегетациялық кезеңде оңтүстік өңірлерді суармалы сумен тұрақты түрде қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
- Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері және «Бәйтерек» холдингі 1-ші мамырға қарай ауылшаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингін қаржыландыруға қаражат бөлсін. Оның түпкілікті қарыз алушы үшін мөлшерлеме 5%-дан аспауға тиіс.
Қаржы, Ұлттық экономика, Ауылшаруашылығы министрліктері заманауи агротехнологияларды сақтауды ынталандыру мақсатында 1-ші маусымға дейін тиісті субсидиялар бөлу мәселесін шешуге тиіс.