Көкшетауда Ақмола облысы аграршыларының «2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын өткізуге дайындық шаралары және оны ұйымшылдықпен сапалы өткізіп шығу жөнінде алда тұрған міндеттер» тақырыбында облыстық аграрлық кеңес болып өтті.
Кеңеске Ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асылхан Джувашев, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев, облыс әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшылары, басқармалар мен ведомстволардың басшылары, аудан, ауыл әкімдері, ауылшаруашылығы құрылымдарының басшылары, ауылшаруашылығы техникаларын өндіретін компаниялардың өкілдері, ғалымдар, ауа райын болжайтын мамандар, БАҚ өкілдері қатысты.
– Ақмола облысының аумағында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы алдағы бес жылда ауылшаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейтіп, осы саладағы еңбек өнімділігін үш есе арттыруымыз керектігін, бұл өте маңызды міндет екенін атап көрсетті. Ақмола облысының ауылшаруашылығы саласындағы әлеуеті өте жоғары. Біздің облыста әрі қарай өсу үшін резерв қоры жеткілікті әрі зор мүмкіндіктер бар. Өткен жылы облыс диқандары рекордтық мөлшерде бидай жинап, еліміздің басты астықты өлкесі, агросектордың негізгі жүрегі екенін дәлелдеп берді. Бұған мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың да оң септігі тигені мәлім, – дей келе аймақ басшысы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық үшін жасалып жатқан мемлекеттік қолдауға тоқталды. Бүгінде облыстың 600 фермері «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша 66 миллиард теңгенің жеңілдетілген несиесін алып үлгерген. Жалпы, облыс бойынша 94,7 миллиард теңгенің өтініші келіп түскен, қазіргі уақытта қосымша қаржы қарастырылып жатқан көрінеді.
Кеңесте биылғы көктемгі егін науқанының негізгі ерекшеліктері қарастырылып, сараптамалық ұсыныстар жасалды, заманауи агротехнологияларды қолдану тиімділігі айтылып, көктемгі егіс науқанының сапалы жүргізілуіне қажетті агрономиялық озық әдіс-тәсілдер ұсынылды.
Ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде Ауылшаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастырудың барысы туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан баяндады. «А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарма төрағасы Тимур Савин көктемгі егін науқаны жұмыстарына дайындық бойынша ғылыми ұсыныстарын жеткізсе, Жарқайың ауданының «Жер-1», Бұланды ауданының «Журавлевка-1» серіктестіктерінің бас агрономдары Светлана Орехова мен Николай Цеонель дәнді және майлы дақылдарды егу технологиялары туралы баяндады. Ал, «Дихан Плюс» серіктестігінің директоры Денис Швайбович аграрлық жұмыстарды жоспарлап, болжам жасау және бақылау бойынша серіктестік жұмысына енгізген цифрлық технология жөнінде айтып берді.
Бұдан әрі кеңеске жиналған қауым тарапынан туындаған сауалдарға жауаптар беріліп, олардың ұсыныстары назарға алынды.
Агрокеңес жұмысын қорытындылаған облыс әкімі Марат Ахметжанов көктемгі егіс науқанына қажетті техникаларды толық дайындап қоюды, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен уақытылы қамтамасыз етуді және тұқым жаңарту көрсеткішін арттыруды тапсырды.