Мемлекеттік рәміздер – әрбір елдің егемендігін, тәуелсіздігін және ұлттық болмысын айқындайтын қасиетті нышандар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Елтаңбасы және Әнұраны – халқымыздың рухын, елдік санасын, болашаққа деген сенімін білдіретін ұлы белгілер. Бұл рәміздер тек заңдық тұрғыдан бекітілген атрибуттар ғана емес, әрбір азаматтың жүрегінде орын алатын ұлттық құндылықтар.
1992 жылы Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы мен Елтаңбасы қабылданды. Ал, Мемлекеттік Әнұран екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданып, бұл күн жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтетін болды.
Мемлекеттік Тудың авторы – жамбылдық суретші Шәкен Ниязбеков. Елтаңбаның авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Ал, Әнұранның алғашқы нұсқасының музыкалық авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болса, мәтінін Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жазған. 2006 жылы халық арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» әні негізінде жаңа Әнұран қабылданды. Бұл әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ән мәтінін өңдеп, оған мемлекеттік мәртебе берді.
Көк байрақтың авторы Шәкен Ниязбеков – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бесжылдық ауылында дүниеге келген. Он жасында ата-анасынан айырылып, Жамбыл қаласындағы мектеп-интернатта тәрбиеленген. Кейін Ленинградтағы В.Мухин атындағы көркем өнеркәсіптік училищеде білім алып, Эрмитаж, Исаак соборы, Петродворец секілді тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. Ол өзінің ең басты ұстазы ретінде қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевті ерекше құрметтеген.
1992 жылы Мемлекеттік Туға жарияланған байқауда 1200-ден астам жұмыс ұсынылған. Солардың ішінен Шәкен Ниязбековтың жобасы барлық талаптарға сай келіп, жеңімпаз атанды. Байқау барысында түрлі пікірталастар болғанымен, автор өз идеясын табандылықпен қорғап шықты. Ол өз жазбаларында: «Мен мешітке емес, мемлекетке ту жасап жатырмын. Дінді сыйлаймын, бірақ дін – әркімнің жеке шаруасы. Ал, ұлттық нақыштарымызды қайталамай, өзімізге тән символдарды қолдануымыз керек», – деп айтқан.
Шәкен Ниязбеков Ту бейнесіне қазақтың үш қасиетін енгізгенін атап өтеді: біріншіден – көгілдір түс, ол аспан мен судың, өмірдің белгісі әрі көк тәңірінің түсі; екіншіден – еркіндік пен ерліктің символы ретінде қыран бүркіт; үшіншіден – қазақтың ұлттық болмысын айшықтайтын ою-өрнек. Бұл элементтер Тудың көркемдік және мағыналық тұтастығын қалыптастырып, оны әлемдік деңгейдегі бірегей рәмізге айналдырды.
Шәкен Ниязбеков – кеңестік кезеңде әйгілі «Волга» автокөлігін құрастырған бес инженердің бірі. Оның шығармашылық жолы күрделі болғанымен, еңбегі ел есінде қалды. 2014 жылы өмірден өткен суретшінің есімі 2021 жылы өзі туып-өскен Бесжылдық ауылына берілді. Сонымен қатар, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің сол ауылға бұрылар тұсында Қазақстан Республикасы Туы саябағы ашылып, жерлестері тарапынан үлкен құрмет көрсетілді.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттың рухын, елдің болмысын, халықтың арманын бейнелейді. Ал сол рәміздерді жасаған тұлғалар – ел тарихының алтын әріппен жазылатын қаһармандары. Шәкен Ниязбековтың қолтаңбасы – көк байрақтың әрбір желбіреуінде, әрбір жүректе сақталған ұлттық мақтаныш.