Туризм саласын өрістету – табыс көзі ғана емес, еліміздің тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтаудың бірден-бір жолы. Елдегі туризм саласын дамытуға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ, белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдай жеткілікті емес. Сондықтан, жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылымын дереу бастау қажет», деген болатын. Елімізде ауылшаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс саласын қаншалықты өрістету маңызды болса, туризм кластерін құру да соншалықты тиімді болмақ. Мемлекет басшысының бұл мәселеге ерекше мән беруі де сондықтан.
Бұл орайда Талас ауданында терең тарихымен қызықтыратын, тылсым табиғатымен таңқалдырар жерлер аз емес. Мәселен, «Тамды қалашығы», «Тамды әулие бұлағы», «Ақкесене» қарауыл мұнарасы сынды тарихи-мәдени ескерткіштер саяхаттап келгендердің назарын аудармай қоймасы анық.
Жалпы аудан көлемінде Қазақстан Республикасы туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес аталған сала бойынша 4 көрсеткішке қол жеткізу көзделген. Олар – инвестициялық жобалар, шетелден келетін туристер санын ұлғайту, қонақ үйлердің бөлме санын арттыру және ішкі туристер қатарын көбейту.
Алғашқы көрсеткіш бойынша үстіміздегі жылдың қаңтар-сәуір айларында туризм саласына 230,6 миллион теңге көлемінде инвестиция салынған. Атап айтсақ, бүгінге дейін 100 орынды «Монша-сауықтыру» кешені мен «Заңғар» бассейні іске қосылды, жуық арада «Рахат-ай» қонақ үйі пайдалануға берілмек. Өткен жылы еліміздің әр өңірінен тарихи ескерткіштер мен мәдени орындарды тамашалауға төрт жарым мыңнан астам саяхаттаушы келген. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаровтың айтуынша, биыл ауданға келуші туристердің қатары анағұрлым өсе түседі. Оған қолға алынып жатқан бастамалар себеп болмақ көрінеді.
– Осы жылдың мамыр айында Есейхан ауылының тау бөктерінде халықаралық деңгейдегі «Қызғалдақ-мұра» фестивалі өтті. Оған Қырғызстан, Нидерланды, Ресей, Қытай, Украина, Түркия, Үндістан, Германия елдерінен туристер қатысты. Сонымен қатар, экожүйелер бойынша сарапшылар, ЮНЕСКО, консулдік дәне дипломатиялық корпустардың өкілдері, Қазақстанның туроператорлары келді. Тағы ерекше айта кететін жаңалық, облысымыздың қолөнершілері 200 шаршы метрлік киіз басып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енді. Фестиваль аясында ұлттық спорт түрлері кеңінен ұлықталып, салт-дәстүріміз дәріптелді, – дейді бөлім басшысы.
Мектеп оқушыларын аудандағы тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхаттау шаралары дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Ауданбек Жүзбосынұлының айтуынша, кәсіпкерлердің демеушілік көмегімен жүзеге асқан игі бастама қала мектептерін ғана емес, ауылдағы білім беру мекемелерінің оқушыларын да қамтиды.
Геопарк құру – туристерді аймаққа тартудың бір жолы. Жалпы геопарк аумақтардың табиғи-тарихи мұраларын тұрақты дамытуды, жергілікті мәдениет, ғылым-білім, салт-сана, әдет-ғұрып сынды рухани ұстындарды жан-жақты насихаттауды қарастырады. Өткен жылы қараша айында Алматы қаласында Біріккен Ұлттар ұйымының ұйымдастыруымен Қазақстанда геосаябақтар құру туралы геофорум өтті. Сол жиында Кіші Қаратау бөктеріне геопарк құру жобасы мақұлданған болатын. Артынша Жамбыл облысында геосаябақтар құру бойынша өткен жиында болашақ геопарктің аумағы анықталып, оған «Кіші Қаратау» деген атау берілді. Ізінше облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустиралды-инновациялық дамыту басқармасының өкілдері ауданда болып, «Кіші Қаратау» геопаркінің шекарасын белгілеп, оған баратын жолдарды анықтады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта жүзеге асатын болады.
Тарихи және мәдени құндылықтарды сақтау мен туризм саласын дамытуға бағытталған мұндай геопарктер еліміздің бірқатар аймағында қызмет көрсетіп жатыр. Мәселен, Арал теңізінің табиғаты мен осы өңірдің экономикасын сақтау мақсатында құрылған «Geopark Aral» және «Ұлытау» ұлттық геопаркі атап өтуге болады. Мұндай орындарға қызығушылық танытып, саяхаттап келушілер де жоқ емес.
Геопарктерді құруда мәдени ескерткіштерді сақтау мен туристік әлеуетті арттыруға басымдық беріледі. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, қонақ үйлер салып, демалыс орындарын ашуға мүмкіндік береді деп сенеміз.