Қазақстандықтардың 2,6 миллиард теңгесі кибералаяқтардың қолына түспей қалды. Бұған «Антифрод» деп аталатын арнайы жүйенің арқасында қол жеткізілді. Жүйенің көмегімен шетелден жасалған жалған телефон қоңыраулары бұғатталып, алаяқтардың қазақстандықтарға шабуыл жасауына тосқауыл қойылды.
ҚР Ішкі істер министрлігі Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Жандос Сүйінбайдың айтуынша, жыл басынан бері 66,9 миллион жалған қоңырау бұғатталған. Бұл — азаматтардың банктік шоттарындағы қаражатты сыртқа шығаруға жол бермеген үлкен қорған.
– Байланыс операторларымен бірлесе отырып, елімізде «Антифрод» жүйесі енгізілді. Оның шеңберінде екінші деңгейлі банктермен тығыз қарым-қатынас орнап, нәтижесінде шетелдік алаяқтардың 2,6 миллиард теңгені ұрлауына жол берілмеді. Сонымен қатар, қабылданған шаралар аясында 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – деді Жандос Сүйінбай.
Соңғы жылдары телефон арқылы жасалатын қаржы алаяқтығы өршіп кеткені рас. Қылмыскерлер өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кіреді. Артынша түрлі сылтаумен банк картасының мәліметін, жеке деректерін сұрап, қаражатты қолды етеді.
«Антифрод» орталығы бұл қауіпке қарсы нақты әрекет етуде. Шетелден жалған нөмір арқылы жасалатын қоңыраулар, соның ішінде сим-бокстар арқылы таратылатын шабуылдар бұғатталып жатыр.
Қазіргі таңда алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында бірқатар заңнамалық өзгерістер қолға алынып жатыр. Азаматтарға 10-нан артық нөмір тіркеу үшін арнайы негіздеме ұсыну міндеті енгізіледі. Барлық абоненттік нөмірлер тек биометрикалық сәйкестендіру арқылы тіркеледі. Қазақстанға сим-бокстарды енгізу, тіркеу, сату және пайдалану заңмен шектеледі.
Қоғамда цифрлық қауіпсіздікті сақтау үшін тек мемлекет тарапынан жасалған шаралар жеткіліксіз. Әр азамат өз жеке деректеріне мұқият болып, белгісіз нөмірлерден келген қоңырауға сақтықпен қарап, жеке ақпаратын ешкімге бермеуі қажет. Киберқылмыспен күресте ақпараттық сауат пен сергектік басты қару.