Тәртіп пен мәдениет — дамыған қоғамның іргетасы. Бұл қағидат еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды болуы тиіс. Әсіресе, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бойына осы ұғымдарды сіңіру – болашақ құқықтық, өркениетті мемлекеттің негізін қалаудың басты жолы. Осы бағытта Талдықорған қаласы мен облыс аумағындағы білім беру ұйымдарында жүйелі әрі кешенді жұмыстар қолға алынды.
Бүгінде облыстағы 120 мектепте «Адамгершілік-құқықтық жұмыс жөніндегі тәлімгер» жобасы іске қосылған. Жоба аясында оқушыларға құқықтық сауаттылық, мінез-құлық мәдениеті, заң талаптары мен экологиялық тәрбие бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мақсат – мектеп жасындағы балалардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, қоғамға пайдалы азамат тәрбиелеу.
Жоба барысында «Құқықтық тәрбие – мәдениетті қоғамның негізі» атты арнайы ашық сабақтар, тренингтер мен дөңгелек үстелдер өткізілуде. Балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллинг пен кибербуллингтің зияны мен салдары жайында нақты мысалдармен түсіндірілуде.
Көпшіліктің пікірі бойынша, баланың құқықтық сауаты мен мәдениеті тек мектеппен шектелмейді. Тәртіп пен тазалыққа тәрбиелеу, қоршаған ортаға құрметпен қарау да – ата-ананың тікелей міндеті. Үйде балаға дұрыс бағыт беріп, заңды сақтау мен мәдениетке бейімдеу – үлкендердің үлгісі арқылы іске асады. Ата-аналар ең алдымен өздері қоқыс тастамау, қоғамдық орындарды бүлдірмеу, заңды бұзбау арқылы балаларына өнеге көрсетулері қажет. Сонда ғана жас буын да қоғамға құрметпен қарап, ережелерді сақтауды үйренеді.
Экологияны қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау – құқықтық мәдениеттің маңызды бөлігі. Қоғамдық орындарда тазалық сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау – мәдениетті адамға тән әрекет. Бұл – тек гигиеналық талап емес, бұл – тәртіп пен заңға бағынудың нақты көрінісі.
Қоғамда заңға бағыну мен тазалықты сақтау қатар жүруі тиіс. Бұл тұрғыда дамыған елдердің тәжірибесіне көз салсақ, ұсақ құқықбұзушылықтың өзіне үлкен мән берілетінін байқаймыз. Мұндай елдерде заңға бағыну өмір салтына айналған. Бұл – жоғары деңгейдегі өмір сапасының, қауіпсіздіктің, сенімділіктің кепілі.
Облыс көлемінде бүгінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында 600-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 58 мыңнан аса жас қатысқан. Аталған жиындарда құқықтық сауаттылықты арттыру, өз құқығын білу және оны бұзбау, зорлық-зомбылықтың алдын алу сияқты өзекті мәселелер кеңінен қозғалуда.
Мұндай кешенді тәрбиелік шаралар оң нәтижесін бере бастады. Жастар заңға құрметпен қарап, мәдениеттілікке бейімделуде. Ал, бұл – болашақта тұрақты құқықтық мемлекет қалыптастырудың сенімді іргетасы.