Алматы облысында өңір тұрғындары үшін маңызды бағыттардың бірі – «Кеген–Нарынқол» автожолының орташа жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Жақында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев аталған жолдың құрылыс учаскесіне арнайы барып, жобаның орындалу барысымен танысты.
Жалпы ұзындығы 74 шақырымды құрайтын жолдың 0–37 және 37–74 шақырым аралығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауқымды жобаға тапсырыс беруші тарап – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Құрылыс-монтаж жұмыстарын «Нұрлы жол – 7» серіктестігі атқаруда. Техникалық қадағалауды «KZ Стройэксперт» ЖШС жүзеге асырып жатыр. Жоба құны – 8,002 миллиард теңге.
Қазіргі таңда жол құрылысына 44 техника мен 71 маман тартылған. Жергілікті жол төсеу материалдары қолданылуда: 7 мың текше метр қиыршық тас дайындалып, 4 шақырым учаскеде жол негізін қайта өңдеу жұмыстары аяқталған. Сонымен қатар, 2 шақырымда жолдың төменгі қабаты төселген.
Облыс басшысы сапар барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысын жіті бақылап, жобаға жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді. Әкім бөлінген қаражаттың тиімді әрі мақсатты игерілуі керектігін баса айтты.
– Бұл жол – тұрғындардың күнделікті қозғалысы мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін аса маңызды. Халықпен кездесулерде көтерілген жол мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табады. Ең бастысы – сапа мен уақытты қатаң сақтау, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Айта кетейік, «Кеген–Нарынқол» бағыты – шекаралық аумақта орналасқан ауылдарды аудан орталығымен байланыстыратын маңызды жол торабы. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, бұл бағытта жолаушы және жүк тасымалы әлдеқайда қауіпсіз әрі тиімді болмақ.