Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Катардың «Power International Holding» (PIH) компаниясы өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуде демалыс, ойын-сауық, бөлшек сауда және цифрлық технологиялар салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықтың болашағы сөз болды.
Әкім Алматының еліміздің экономикасында алатын орнына тоқталып, қаланың халықаралық серіктестікке әрдайым ашық екенін атап өтті. Оның айтуынша, мегаполис Қазақстан экономикасының төрттен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр және өңірлік даму орталығы ретіндегі әлеуеті жыл сайын артып келеді.
– Біз Қатармен арадағы жоғары деңгейдегі саяси және экономикалық байланысты бағалаймыз. Алматы – халықаралық ауқымдағы жобалар үшін сенімді алаң. Қалада инвестициялық климат қолайлы, қажетті инфрақұрылым мен адами капитал жеткілікті, – деді Дархан Сатыбалды.
«PIH» компаниясының өкілдері Алматының инвестициялық әлеуетіне оң бағасын беріп, әсіресе туризм, сауда және цифрлық инфрақұрылым салаларында нақты жобалармен жұмыс істеуге ниетті екендерін жеткізді. Компанияның Катар, Мальдив аралдары және басқа да бірқатар елдерде ірі кешенді жобаларды жүзеге асыруда мол тәжірибесі бар.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты бағыттар бойынша жұмыс тобын құрып, ынтымақтастықты жандандыруға уағдаласты. Бұл бастама Алматыны Орталық Азиядағы ірі инвестициялық хаб ретінде одан әрі нығайта түспек.