Кәсіпке бейім ауыл азаматтарына нақты қолдау

0 4

«Ауыл аманаты»  мемлекеттік бағдарламасы өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін тек бастапқы және басқарушы қаржы құралы ғана емес, сонымен бірге бизнестің кез келген түрін ілгерілететін көмекші күш десек артық айтқандық емес. Мұны Талғар ауданының Жаңалық ауылында тұратын кәсіпкер Мейірғали Аднановтың қызметінен  анық байқауға болады.

Мейірғали Шығыс Қазақстанда туып өскен, бірақ 1977 жылы Жаңалық ауылына көшіп келген. Осында отбасымен бірге орнығып, тіпті өзінің жеке кәсібін құра бастаған. Заңгерлік білімі болғанымен, ол ешқашан қара жұмыстан қашпаған. Алғашында Алматы қаласындағы «Столичный» гастрономында жүк тиеуші болып жұмыс істеген,  кейін мал шаруашылығымен айналысып, базарда сүт те сатқан. Өзінің алғашқы «Дүкен №1» деп атаған сауда орнын 1998 жылы ашқан, содан кейін «Алатау» көтерме маркеті пайда болды. Дүкеннің жанында жаңа піскен үй нанын дайындайтын  жеке асханасы бар және ол жерде әрбір ауыл тұрғыны еркін тамақтана алады.

Сол кездің өзінде ол отбасылық бизнеспен айналысып, біртіндеп кәсіпкерлік  негіздерін меңгере бастады. «Даму» қорының  бизнесті дамытуға берген несиесінің арқасында  кәсібін біртіндеп кеңейте берді.  Нәтижесінде тағы екі коммерциялық нысан – дәріхана мен  ТЖО (техниканы жөндеу орны) ашты. Енді ол дүкенді сатып, содан түскен қаржыға жер телімін сатып алып, құрылыста қолданылатын кірпіш, сплитер блоктарын, сығымдалған тақтайшалар өндіретін шағын зауыт ашуға шешім қабылдайды. Дәл осы жерде оған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы көмегін тигізеді.

– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен несие беріліп, өз ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатқанын естідім. Қабырғаңмен кеңес дегендей, келіншегіммен ақылдаса отырып, бұл бағдарлама беретін мүмкіндікті пайдалану керек деп шештік те бірден екі өтінім бердік. «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) бізге бағдарламаға қатысу үшін қажет құжаттардың тізімін ұсынды. Біз құжаттарды қысқа мерзім ішінде жинап тапсырдық. ӘКК олардың бәрін тексеріп, толық қабылдады. Кепілге үйімізді және сол кезде жұмыс істеп тұрған бизнесімізді қойдық. ӘКК біздің жобамыз мақұлданғанын, сондай-ақ  9 миллион 230 мың теңге көлемінде несие алуға болатынын хабарлады. Осылайша кірпіш шығаратын шағын зауыт ашсақ деген ойымыз бірте-бірте жүзеге аса бастады, – дейді бәрі қалай басталғанын айтып берген кәсіпкер.

Жеңілдікпен берілген несие қаржысының бір бөлігіне ол  өз елімізде жасап шығарылған  фронтальды тиегіш, бетон араластырғыш, станоктар және басқа да жабдықтар сатып алады. Олардың  бәрін өндіріс орнында құрастырады. Ақшаның қалған бөлігін қажетті  материалдар – кесінді, цемент, құм сатып алуға жұмсайды.

Мейірғалидың айтуынша, қазір оның кәсіпорны екі айдан бері жұмыс істеп тұр. Онда 6 адам қызмет етеді және кірпіш шығару толық қуаттылықта жолға қойылған. Күніне 1,5-2 мыңға дейін, айына шамамен 55-60 мың дана дайын өнім шығарылады. Оған қоса, шикізат сапасы жоғары, цемент маркасы – «М400».  Өндірілетін  өнім түрлері де аз емес, құрылыста қолданылатын 10 атамадағы тақтайшаларды қамтиды. Ең бастысы, өнімдер іркіліссіз өтіп жатыр. Оларды жақын жерде орналасқан балалар ойыншықтары мен шаруашылық-тұрмыстық мақсаттағы пластикалық бұйымдар шығаратын зауыт нарықтық бағамен сатып алуда. Оның үстіне шағын зауыт ондаған өндірістік кәсіпорын жұмыс істейтін өнеркәсіптік аймаққа жақын орналасқан. Сол себепті, өнімді алысқа апарудың қажеті жоқ, бәрін алдын-ала жасалған келісімге сәйкес, өздері көлігімен келіп алып кетеді.

– Жалпы, «Қонаев» ӘКК-мен жұмыс істеу өте ыңғайлы, ал «Ауыл аманаты» сияқты мемлекеттік бағдарлама ауылдық жерде тұратын кәсіпке бейім азаматтарға нақты қолдау. Ең маңыздысы, тұрғындар бұрынғыдай қайдан жұмыс табамын деп бас қатырмайды, өйткені, ауылдағы өмір мен ондағы тіршілік жыл өткен сайын жақсарып келеді. Ең бастысы, жалқаулыққа берілмей, өз  ойыңды жүзеге асыруға, ерінбей еңбек етуге деген құлшыныс қажет. Ал, мемлекеттік қолдаудың неше түрі бар, тек оларды біліп қана қоймай, күнделікті өмірде кәдеге жаратып, отбасыңның табысын арттыруға, балаларыңның жақсы өмір сүруі үшін жағдай жасауға ұмтылуың керек. Сонда бәрі болады, – дейді кәсіпкер.

Ол мұнымен де шектелгісі келмейді. Келешекте балық және тауық өсіретін өндіріс асшам деген де ойы бар. Ойындағысын орындамағанша тынбайтын Мейірғалидың ерте ме, кеш пе, ол ойы да іске асатынына күмән жоқ. «Көрші көршіден ерте тұруды үйренеді» демекші, бірқатар ауылдастары қазірдің өзінде оған еліктеп өз кәсіптерін  ашып үлгерді. Осылайша ауылдық жерде де кәсіпкерлік кең қанат жая бастады.