Ислам – бейбітшілік діні, экстремизм – адасу жолы

0 3

Қазіргі қоғамда «экстремизм» ұғымы түрлі салаларда шектен шығу, төзімсіздік пен біржақтылықтың көрінісі ретінде қабылданып келеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары бұл түсінік асыл дініміз – Исламмен негізсіз байланыстырылып, тіпті терроризммен қатар қойылып жүрген жағдайлар жиі кездеседі. Мұндай жаңсақ пікірлер қоғамда қате көзқарастың қалыптасуына себеп болуда.

Экстремизм мен терроризмге, оның ішінде діни сипаттағы радикалды әрекеттерге қарсы күрес – мемлекет үшін аса маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында құқық қорғау органдарына экстремизм мен әсіре діншілдікке қарсы ымырасыз күрес жүргізу қажеттігін нақты атап өткен болатын. Президент ұсақ құқық бұзушылықтан бастап, ауыр қылмыстарға дейін заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою керектігін айтып, ел ішіне іріткі салуға бағытталған кез келген әрекетке қатаң жауап қайтарылуы тиіс екенін жеткізді.

Экстремистік ағымдардың басты қателігі – діннің атын жамылып әрекет етуінде. Олар білім алуға, ғылым мен мәдениетке, ұлттық салт-дәстүрге қарсы шығып, отбасылық және қоғамдық қатынастарда шектен тыс тыйым салуды уағыздайды. Бұл – Ислам дінінің емес, адасқан көзқарастың айқын көрінісі. Өйткені, Ислам ақыл мен парасатқа, ізгілік пен әділетке негізделген дін.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) адамдарды қорқытуға емес, сүйіншілеуге, қиындатуға емес, жеңілдетуге шақырған. Орта жолды ұстану – Исламның негізгі қағидаларының бірі. Құран Кәрімде «Сендерді орташа үммет еттік» деп баяндалуы да діндегі тепе-теңдіктің маңызын айқын көрсетеді. Дінде шектен шығу қатаң айыпталады.

Ислам ешқашан күштеу мен зорлықты қолдамаған. «Дінде зорлық жоқ» деген Құран аяты – осының дәлелі. Иман жүрекпен қабылдануы тиіс, ал мәжбүрлеу арқылы сенім қалыптастыру Ислам рухына мүлде жат. Сондықтан экстремистік идеологияның зорлық-зомбылықты ақтауы – дінді бұрмалаудың ең қауіпті түрі.

Экстремизмнің ең ауыр салдары – жазықсыз адамдардың жапа шегуі. Соңғы жылдары әлемнің түрлі елдерінде орын алған лаңкестік әрекеттердің түп-төркінінде радикалды идеология жатқанын көріп отырмыз. Өз көзқарасын жалғыз ақиқат санайтын адам түптің-түбінде қантөгіске барудан да тайынбайды. Ал, Құранда жазықсыз бір жанды өлтіру бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең екені анық айтылған.

Радикалды көзқарастың таралуына діни білімнің таяздығы, дінді үстірт түсіну және сыртқы теріс ағымдардың ықпалы себеп болуда. Бұған қарсы тұрудың ең тиімді жолы – жастарға дәстүрлі, дұрыс діни білім беру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Имамдар мен дін мамандары Исламның бейбітшілік пен мейірімге негізделген дін екенін түсіндіріп, экстремизмнің адасу екенін үнемі насихаттауда. Діни білімді ресми мешіттер мен медреселерден алу – қоғамды теріс ағымдардан қорғаудың сенімді жолы.

Дін – қоғам тұрақтылығы мен ел бірлігінің маңызды тірегі. Ауызбіршілік, татулық, адамға деген құрмет пен бейбіт өмір – Исламның басты мұраттары. Ал, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін жат ағымдардан сақтану, жастарды отансүйгіштікке, парасаттылыққа тәрбиелеу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жат идеологияның бірлікке емес, бүлікке бастайтынын ұмытпай, қоғамның тұтастығын сақтай білейік.