Инженерлік желілер цифрландырылуда

0 5

Павлодар қаласында инженерлік-коммуникациялық желілерді цифрландыру бойынша ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл бастама апатты жағдайларды тез анықтап, дер кезінде жоюға, сондай-ақ тұрғындарға қолайлы ақпараттық орта қалыптастыруға бағытталған.

Қалалық инфрақұрылымның едәуір бөлігі жер астында орналасқандықтан, қандай да бір апат орын алғанда оның нақты орнын табу, қазу және жөндеу ұзақ уақыт алады. Осындай олқылықтардың алдын алу үшін жергілікті билік бірнеше жыл бұрын онлайн карта әзірлеу идеясын ұсынған болатын. Бүгінде бұл жоба нақты іске асып келеді.

Алғашқы кезең ретінде екінші Павлодар шағынауданындағы желілер электронды жүйеге енгізілуде. Өткен жылы осы аумақтағы 49 көшенің инфрақұрылым жүйесі толық тексеріліп, 460 гектар аумақ сандық картаға түсірілді. Соның нәтижесінде: 4300-ден астам электрмен жабдықтау нүктесі, 1300-ден астам жылу жүйесіне қатысты нүкте белгіленді.

Мұндай цифрландыру арқылы тұрғын үйлер мен басқа да нысандардың инженерлік жағдайы нақты карталарда көрініс табады. Әсіресе, апаттық жағдайлар кезінде қай үйдің жарықсыз немесе жылусыз қалғаны карта арқылы анық көрініп, тиісті коммуналдық қызметтер жедел әрекет ете алады.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта екінші Павлодар шағынауданында карта арқылы апаттық жөндеу кезінде ажыратылған үйлерді көрсету механизмі әзірленген. Бұл – тұрғындарды уақытылы хабардар етуге, қызметтердің тиімділігін арттыруға және әлеуметтік қолайсыздықтарды азайтуға зор мүмкіндік.

Жоспар бойынша 2025–2026 жылдары қаланың барлық шағынаудандары осы геоақпараттық жүйеге қосылады. Бұл инфрақұрылымды басқарудағы ашықтық пен тиімділікті арттырып, Павлодарды «ақылды қала» үлгісіне бір қадам жақындата түспек.