Инвесторларды тартуға барынша басымдық беріліп отыр

0 3

Жақында жұмыс сапарымен Шу ауданына ат басын бұрып, еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытына сай жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың барысымен таныстым.

Жалпы алғанда, облысымызда ірі жобаларды жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы билік өкілдері шетелдік және жергілікті инвесторлармен келіссөз жүргізуде біраз жетістікке қол жеткізгені белгілі. Биыл Жамбыл өңірінде жалпы құны 175,2 миллиард теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске асырылмақ.

Соның ішінде «Jibek Joly» арнайы экономикалық аймағында қолға алынған инвестициялық бастамалардың ауқымы мен әлеуеті көңіл қуантады. Аталған аймақ 2012 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құрылып, бүгінде облыстың өндірістік картасындағы негізгі тірек нүктелерінің біріне айналып отыр. Қазіргі таңда мұнда 18 қатысушы тіркеліп, соның ішінде 3 жоба толық іске қосылған, 9 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, ал 6 жоба жобалау сатысында. Іске қосылған жобалардың қатарында үш хлорлы фосфор мен гербицид шығаратын «ХИМ плюс» серіктестігі, термоэтикеткалар мен чек лентасына арналған втулкалар шығаратын «C9 Technologies» кәсіпорын, аммоний бифторидін өндіретін «Chemical Engineering» серіктестігі секілді өндірістер бар. Ал, құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жобалар ішінде кремний өндіретін зауыт (JVictorNewEnergy), сутегі асқын тотығы өндірісі (Kazakhstan Hydrogen Peroxide), жүгері өңдеу зауыты (Fufeng Group LTD), жел генераторлары мен металл бұйымдары өндірісі сияқты еліміз үшін аса қажетті, жоғары технологиялы өндіріс ошақтары іске қосылмақ.

Осы орайда жүгері өңдеу зауытының бастамашысы болып отырған «Fufeng Group LTD» компаниясының жергілікті жердегі басшысы Хуан мырзамен пікір алмасып, іске асырудағы өзекті мәселелерді, жұмыс қарқыны мен болашақ жоспарларды талқыладық. Экологиялық қауіпсіздік, жұмыс күшін дайындау, инфрақұрылыммен қамту секілді маңызды мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Өз кезегінде Хуан мырза құны 350 миллион АҚШ доллары болатын зауыттың іске асырылу мерзімі 2025-2026 жылдарға белгіленгенін жеткізді. Жаңа нысанның қуаты – жылына 1 миллион тонна жүгеріні қайта өңдеу, болашақта бұл көрсеткішті 3 миллион тоннаға дейін ұлғайту көзделген.

Бұл жобалардың толық іске асуы жүздеген жаңа жұмыс орындары, салық түсімдерінің артуы, өңірлік экономиканың жандануымен қатар, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосары сөзсіз. Ауданда жобалардың жүзеге асу барысы туралы облыстық мәслихат депутаттары Мұханбеталы Шалқарбеков, Алтай Райқұлов, Нұржан Әділов, Бақытжан Қалымбетов және Шу ауданының әкімі Бақытжан Оразалыұлы өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Өңірдің әлеуетін арттыру – бір ғана әкімдік немесе мәслихаттың емес, бәріміздің ортақ міндетіміз. Мемлекет қолдап отырған жобалардың қай-қайсысы да ел болашағы үшін маңызды. Осы ретте біз, халық қалаулылары ретінде әр бастаманың жанында болып, нақты іспен қолдауға дайынбыз.

Өңіріміздің экономикалық қуаты артып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатса, бұл елге жасалған шынайы қызметтің көрінісі деп білемін. Қалай айтсақ та, Жамбыл облысында инвестициялық жобаларды тартуға барынша басымдық беріліп отыр. Осыдан кейін әлеуеті зор инвесторлардың Жамбыл жеріне деген қызығушылығы арта түскені анық.