Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл халқының әлеуетін арттыру аса маңызды. Өйткені, ауылшаруашылығы саласы экономиканың басты драйвері саналады. Бұл бағытта аудандарда да кешенді жұмыстар қолға алынған.
Мәселен, Жамбыл ауданы Қызылқайнар ауылдық округінде кәсіпкерлікті қолдау, ауылшаруашылығын дамыту жөніндегі жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ауылдық округ әкімі Төрехан Тапжанов айтты.
Ауыл әкімінің сөзінше, округте барлығы жетпіс шаруа қожалығы бар. Оның 16-сы мал шаруашылығымен, 54-і егін және мал шаруашылығымен айналысады. Шаруалардың басым бөлігі күздік бидай, жаздық арпа, қант қызылшасы, дәндік жүгері, мақсары өндіреді. Былтыр күзгі жиын-терін науқанында шаруалар барлығы 1157 гектардан 1100 тонна өнім алған.
Округте өткен жылы кәсіпкерлер тарапынан өз кәсібін дамыту мақсатында 500 миллион 530 мың теңге инвестиция салынған. Бұдан бөлек, даму жоспарына сәйкес елді мекенде 17 инвестициялық жоба іске аспақ.
– Округ аумағында жеті азық-түлік дүкені, екі мейрамхана, шарап шығаратын зауыт, кондитерлік өнім цехы, екі кірпіш зауыты, екі балық шаруашылығы және жекеше балабақша жеке кәсіпкерлер есебінен жұмыс жасауда. Сонымен қатар, 2023-2027 жылдар аралығында даму жоспары аясында кәсіпкерлік, өнеркәсіп саласында құны 248 миллион теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба бар. Аталған жобалар тізбегі толық орындалған жағдайда 34 жаңа жұмыс орны ашылмақ, – дейді Төрехан Жұмабекұлы.
Ауыл әкімінің сөзінше, биыл осы мақсатта монша, жем өңдейтін және құмблок шығару цехтары, биогомус пен балық жемін өндіру орындары іске қосылады. Бұдан бөлек, баспасөз жиынында ветеринария саласы мен әлеуметтік қамсыздандыру, инфрақұрылым, жұмыспен қамту бағыттары жөнінде жұмыстар сарапқа салынып, алдағы жоспарлар айтылды.