Инвестициялық жобалар ел игілігіне асуда

0 2

Талас ауданы – Жамбыл облысындағы өндірістік орталықтың бірі. Оның орталығы – Қаратау қаласы. Шаһардың негізі 1963 жылы қаланған. Бүгінде орта экономикалық әлеуеті бар қала. Ондағы халық саны 28309 адамды құрайды. Қала әкімі Дархан Баймбетовтың айтуынша, шаһардың инфрақұрылымы жақсарып келеді.

Бүгінгі күні қалада жалпы ұзындығы 98,4 шақырымды құрайтын 130 көшенің 106-сы асфальтталған. Ол қанағаттанарлық жолдың 81,5 пайызын құрайды. Ендігі кезекте ұзындығы 9,8 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальт жабынын төсеу қажеттілігі бар. Оның ішінде 19 көше қысқа көшелер болса, қалған 5 көше бұрылыстар. Ол көшелерге орташа жөндеу жұмыстарын аяқтау 2027 жылы аяқтау көзделген. Бұрынғы саяжай көшелерін қоспағанда, қаланың 102 көшесі, оның ішінде 71 көше жарықтандырылса, шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары толық жарықтандырылған.

– Қаланың табиғи газбен қамтылу деңгейі бүгінгі күні 91,33 пайызды құраса, ал таза ауыз сумен шаһар халқы толық қамтылып отыр. Кәріз жүйесі – 72,5 шақырымды құрайды. Даму кешенді жоспары бойынша қала аумағындағы тазалықтарды жүйелендіру үшін кәріз тазарту станциясын орнату қажеттігі бар. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай бес шақырымда орналасқан, аумағы 3,7 гектар, қуаттылығы тәулігіне 5900 м3 құрайтын кәріз жүйелерін тазарту имаратын салу жұмыстары 2025-2027 жылдар аралығында жоспарланған. Ал қаланың жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 28,9 шақырым. Өткен жылы Қаратау қаласындағы ұзындығы – 2,6 шақырымды құрайтын жылу құбырларын күрделі жөндеуге, реконструкциялауға және жылу желісін ауыстыруға 211,7 миллион теңге бөлініп, ескі құбырларды бөлшектеу және іргетастарын құю және құбырлардың астына тіректерді орнату жұмыстары толығымен аяқталды. Қазандықтың резервтік мазут шаруашылығын қайта жаңғыртуға қажетті қаржы қаралған. Бүгінгі күнге аталған қаражат толығымен игеріліп, отын көзі ретінде қосу жұмыстары аяқталып, сынақтан өткізілді. Бүгінгі таңда жылумен қамту талапқа сәйкес жүргізілуде, – дейді Дархан Тобашұлы.

Қаратау қаласында 158 шағын және көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі күнге көппәтерлі тұрғын үйлер қайта қалпына келтіріліп, пәтер кезегінде тұрған тұрғындарға берілуде. Ал тұрғын үй кезегіне 1432-ге жуық азамат мұқтаж ретінде тіркелген. Оның 271-і көпбалалы, 737-і аз қамтылған, 416-ы бюджет саласының қызметкері болса, 8-і жетімдер санатындағылар. Өткен жылдың қорытындысымен тұрғын үй қорынан бес көпқабатты үй қайта жаңғыртудан өтіп, кезекте тұрған азаматтарға барлығы 372 пәтер берілген. Бүгінгі күні үш көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары аяқталған. Биыл 225 адамды баспанамен қамту жоспарланған.

Әлеуметтік сала да атқарылып жатқан жұмыстар баршылық. Қала әкімінің айтуынша, қала тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуда және табысын арттыруда жасалған іс-шаралар бойынша Мансап орталығы арқылы өткен жылы Талас ауданы бойынша 1700 адамды жұмыспен қамту  жоспарланған. Қамтылғаны 1724 адам. Сондай-ақ 79 адам қайтарымсыз грант иегерлері атанған.

– Бүгінде қаламызда екі балалар жасөспірім спорт мектебі, «Талас футбол клубы» мен орталық стадион жұмыс істейді. Бұдан бөлек, бұқаралық спортты дамытуда 54 спорт нысаны сабақтан бос уақытта және кешкі уақытта қала тұрғындарына қолжетімді. Өткен жыл қала аумағында 125-ға жуық спорттық іс-шара өткізіліп, 8 мыңға жуық тұрғын қамтылды. Ал қала тазалығы баршамызға ортақ. Айналаның, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосу – әрбір азаматтың міндеті. Бүгінде қала тазалығына 4 арнайы техника, 60 ақылы қоғамдық жұмысшы жұмылдырылған. Өткен жылы қала көлемінде 35 шақырымға жуық арықтар тазаланып, 160 тоннаға жуық күл-қоқы шығарылды, – дейді қала әкімі.

Қалада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 66 бейнебақылау камерасы орнатылып, Талас аудандық полиция бөліміне қосылған. Оның ішінде, 13 бейнебақылау камералары 2025 жылы халық көп шоғырланатын орындарға орнатылған. Сонымен қатар, қалада орналасқан мектептер мен бөбекжай бақшалардың аумағындағы балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілер белгілерінің қасына оқушы бейнесінде макеттер қойылған. Одан бөлек, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысын реттеу мақсатында Б.Момышұлы және Төле би көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылды.

Сондай-ақ инфрақұрылымды дамыту және спорт нысандары мен ойын алаңшаларын салу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдың екінші жарты жылдығында И.Панфилов көшесінде орналасқан шағын қабатты тұрғын үйлер, Ә.Молдағұлова №41 үй, 5-шағынаудан №58 үйдің ішкі кварталдық өткелдері мен кірме үйлерін абаттандыру және А.С.Пушкин атындағы мектептің алдына асфальт жамылғысын төсеу жұмыстары жүргізілген. 2024 жылы жеке сектор, шағын және көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына 17 балалар ойын алаңшасы мен 1 шағын футбол алаңын орнатылса, былтыр Астана және Алматы қалаларынан 21 балалар ойын алаңшасы алынып, қажетті деп танылған аулаларға орналастырылып, тұрғындарға пайдалануға берілген.

«Жасыл белбеу» аумағына 10 мың қарағаш көшеті отырғызылса, қала ішіне отырғызылған ағаш саны – 600. Сондай-ақ Батырлар аллеясына 73 ақ қайың, 146 туя ағаштары отырғызылған. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан «Тәуелсіздік» саябағына 25 туя, 25 үйеңкі және 50 қайың ағашының көшеттері орналастырылған. «Жасыл белдеу» аймағындағы желектерді суғару жүйесіне бір артезиан құдығы және Тамды өзенінен су тарту мақсатында екі сусорғы орнатылған. Сондай-ақ Қаратау қаласындағы жасыл желектерді арнайы техникамен суару жұмыстары да қатар атқарылуда. Отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау мақсатында бес ұңғыма қазылған.

– Өнеркәсіп және инвестиция саласы бойынша айтсам, қалада «Karatau Chemicals» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосылды. Бұл серіктестік қолға алған жобаның құны 2,88 миллиард теңгені құрайды. Онда пиросульфат натрий өндіріледі. Оның жылдық қуаты 25000 тонна өнім өндіру. Бөлінген жер телімі – 20 гектар. Бүгінде 31 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі таңда штабтық режимде жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, Қаратау қаласында бірқатар әлеуметтік жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Біздің міндетіміз – халықпен тығыз байланыса отырып, жоспарланған мақсаттарға қол жеткізу, – дейді Дархан Баймбетов.