Инфляцияны төмендету – халықтың өмір сапасын жақсарту

0 3

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов халықты толғандырып отырған маңызды мәселе – инфляциямен күрес жөнінде ресми мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Ұлттық Банк бүгінде қаржы нарығының тұрақтылығын ғана емес, қарапайым азаматтардың әл-ауқатын арттыруды да басты мақсат етіп отыр.

Ұлттық Банк төрағасының айтуынша, базалық мөлшерлеме – инфляцияны тежеудің негізгі тетігі. Бұл көрсеткіш несиенің қолжетімділігіне, валюта бағамының тұрақтылығына және тауар бағасының қалыптасуына тікелей әсер етеді.

– Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бағаның өсуін тежейтін және халықтың нақты табысын арттыруға ықпал ететін деңгейде белгілейді. Бұл – біздің азаматтар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігіміз, – деді Тимур Сүлейменов.

Қазіргі таңда Қазақстандағы ақша-кредит саясаты мен макропруденциялық шаралардың барлығы инфляцияны бақылауда ұстауға бағытталған. Бұл – бағаның тұрақты болуын, қаржы нарығындағы тұрақтылықты және экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізгі жолы. Бағаның тұрақсыздығы тек экономикалық емес, сонымен қатар, әлеуметтік сипаттағы мәселе. Бағаның өсуі халықтың күнделікті тұтыну қабілетіне кері әсер етіп, нақты табыстың құнсыздануына әкеледі. Сол себепті де инфляцияны төмендету – халықтың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды қадамы болып табылады.

– Біздің басты міндетіміз – азаматтардың мүддесін қорғау. Ұлттық Банк қабылдап отырған барлық шешімдер осы ұстанымға негізделген, – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық Банк алдағы уақытта да инфляцияны тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін нақты әрі нәтижелі қадамдар жасамақ. Бұл бағытта ішкі және сыртқы экономикалық факторлар ескеріліп, ұлттық валютаның тұрақтылығы мен қаржылық жүйенің беріктігі қамтамасыз етіледі.

Сарапшылардың пікірінше, Ұлттық Банктің инфляциямен күреске басымдық беруі елдегі әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін болады. Бұл – тек сандармен емес, шынайы өмір сапасымен өлшенетін маңызды саясат.