Саран қаласындағы Саран индустриялық аймағы Қарағанды облысындағы машина жасау мен өңдеу өнеркәсібінің өсу нүктесіне айналып отыр. Бүгінде мұнда әлемдік стандарттарға сай өнім шығаратын бірнеше кәсіпорын жұмыс істейді. Сол жобалардың қатарындағы Қазақстанда баламасы жоқ «ТЭМПО-Қазақстан» құбыр зауытының құрылысы аяқталуға жақын.
Қазір өндірістік алаңда іске қосу-реттеу жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Зауыт диаметрі 57-630 мм аралығындағы электрдәнекерленген және профильді болат құбырларды шығарады. Өнім мұнай-газ, құрылыс индустриясы және ТКШ салаларында қолданылады. Коммуналдық сектор үшін жылу жоғалтуды азайтатын алдын ала оқшауланған құбырлар өндірісі жолға қойылады. Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 300 мың тоннаға дейін.
Жоба импортқа тәуелділікті азайтып, ішкі-сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді. Зауытта 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Кадр іріктеу қазірден бастап жүріп жатыр: жаңа кәсіпорынға инженерлер, операторлар, логистика және сату мамандары қажет. Үміткерлер түйіндемесін hr@tempo.kz поштасына жолдай алады.
Компания Қарағанды облысының Білім басқармасымен меморандум жасасып, студенттерге нақты мамандықтар бойынша оқыту мен өндірістік тәжірибе ұйымдастырмақ. Түлектерге жұмысқа орналасуда басымдық беріледі.