Импортқа тәуелділікті төмендететін жобалар

0 6

Шымкент қаласында өндірістік салада жаңа серпін байқалады. Жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен мегаполисте үш жаңа өндіріс орны іске қосылды. Бұл жобалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Алғашқы жоба – «BIK Kanc» ЖШС кеңселік қағаз шығаратын өндіріс орны. Ол «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Кәсіпорын «А4» және «А3» пішіміндегі қағаз өнімдерін өндіреді. Жобаның алғашқы кезеңіне 500 миллион теңге инвестиция салынған. Өндірістік қуаты – жылына 2,8 миллион қорап. Компания алдағы үш жылда екінші кезеңін іске қосып, өндірісті ұлғайтуды жоспарлап отыр. Оның құны – 1 миллиард теңге. Қазірдің өзінде 40 адам еңбекпен қамтылған. Компания басшысы Әйгерім Балғымбекованың айтуынша, бұл жоба Қазақстанның кеңселік қағаз өнімдеріндегі шетелге тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, бюджетке түсетін салық көлемі ұлғайып, жергілікті тұрғындарға табыс көзі пайда болды.

Екінші жоба – ЖК «ZeineP» компаниясының дезинфекциялық және химиялық құралдар шығаратын өндірісі. Бұл кәсіпорын да «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Жоба құны – 600 миллион теңге. Кәсіпорын жылына 10 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнында 80 адам тұрақты жұмыс істейді. Компания өнімдерін ішкі нарықпен қатар, ТМД елдеріне экспорттауды көздеп отыр. Кәсіпорын басшысы Ғазиз Уалихановтың пікірінше, жобаның маңыздылығы тек экономикалық тиімділікпен шектелмейді. Бұл – отандық өнімді дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам. Сонымен қатар, ол ғылыми ізденістің, технологиялық жаңашылдықтың, сапа мен бағадағы бәсекеге қабілеттіліктің басты рөл атқаратынын айтты. Оның пікірінше, мемлекет ұсынған салықтық және инфрақұрылымдық жеңілдіктерді тиімді пайдалана отырып, отандық өндіріс шетелдік өнімдермен бәсекеге төтеп бере алады.

Үшінші жоба – «Sauran Bricks» ЖШС автоклавты газды бетон өндіретін жаңа зауыт. Бұл өндіріс орны «Жұлдыз» индустриялық аймағында бой көтерген. Жобаның жалпы құны – 7,8 миллиард теңге. Қытайлық KEDA компаниясының заманауи және автоматтандырылған технологиясымен жабдықталған зауыт жылына 200 мың текше метр өнім шығара алады. Құрылыс толық аяқталып, өндіріс іске қосылды. Толық қуатында жұмыс істеген кезде зауытта 150 адам үш ауысыммен тұрақты еңбек ететін болады. Зауыт басшысы Қайсарбек Махамбеттің айтуынша, Шымкенттегі құрылыс қарқынының артуы сапалы құрылыс материалдарына сұранысты арттырып отыр. Бұл өндіріс осы қажеттілікті өтеуге бағытталған.

Жалпы алғанда, іске қосылған бұл үш жоба өңірлік экономиканы әртараптандыруға, импортқа тәуелділікті төмендетуге, салық түсімін арттыруға және халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Отандық өндірістің дамуы тек бір өңірдің емес, тұтас ел экономикасының тұрақты әрі орнықты дамуына жол ашады.