Қазақстан халқының саны 2024 жылдың басында 20,3 миллионнан асты. Бұл көрсеткіш соңғы жылдары тұрақты өсіммен ерекшеленіп отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығының директоры Айгүл Қасымова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, тіркелген халық санының артуы тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де байқалады. Бүгінде елімізде жұмыс істейтін 677 МСАК нысанының 62 пайызы қалада, ал 38 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл медициналық қызметтердің өңірлерде де қолжетімді болуына жағдай жасалып жатқанын көрсетеді.
Айгүл Қасымованың сөзінше, еліміздегі тіркелген халықтың 75 пайызы, яғни, 15 миллионға жуық адам мемлекеттік емханалар мен медициналық орталықтарда қызмет алады. Ал, 25 пайызы немесе шамамен 5 миллион адам жекеменшік медициналық мекемелерге жүгінеді.
Сондай-ақ салада кадрмен қамтамасыз ету бойынша оң динамика байқалып отыр. Жалпы практика дәрігерлерінің қамтылуы 87 пайызға жетсе, орта медициналық персоналмен қамтамасыз ету деңгейі – 81 пайыз. Терапевттер мен педиатрлар бойынша бұл көрсеткіш 84-85 пайыз шамасында. Бұл деректер медициналық кадрлар тапшылығын жою бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын аңғартады.
Айгүл Қасымова елімізде алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті. Медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер ететіні сөзсіз.