Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы ірі экспорттаушы кәсіпорындардың бірі «Казполиграф» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында ашылған «Gable Top» картон қаптамалар цехының салтанатты іске қосылу рәсіміне қатысты.
Жаңа өндірістік желі өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Аймақ басшысы жобаны өңір экономикасы үшін маңызды бастама ретінде атап өтіп, оның өндірістегі технологиялық жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға оң әсер ететінін айтты.
Бүгінде «Казполиграф» кәсіпорны шығаратын картон қаптама өнімдерінің 30 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Негізгі нарықтар қатарында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де мемлекеттер бар. Компанияның өндірістік қуаты жылына 30 мың тонна қағаз және картон қаптамасын, 2 мың тонна жабынды қағазды, 1,5 мың тонна полимерлік пленкадан жасалған қаптама бұйымдарын және 1 мың тонна өзге қағаз-картон түрлерінен өндірілетін сығымдалған өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорында 700-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Жаңа жобаға салынған инвестиция көлемі 6 миллиард теңгені құрайды. Соның нәтижесінде 20-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, биыл компания өндірістік қуаттарды жаңарту бойынша ауқымды модернизация жүргізіп, еуропалық стандарттарға сай заманауи жабдықтарды сатып алып, толық орнатты. Бұл өз кезегінде өндіріс көлемін шамамен төрт есеге арттыруға және тапсырыстарды қысқа мерзімде орындауға жол ашады.
Айта кету керек, іске қосылған өндірістік кешен Еуразиялық экономикалық одақ пен Орталық Азия аумағында халықаралық «Tetra Pak» стандарттары бойынша сертификатталған қаптама материалдарын шығаратын жалғыз кәсіпорын болып отыр. Бұл Семейдің өндірістік әлеуетін ғана емес, Қазақстанның қаптама индустриясындағы бәсекеге қабілеттілігін де арттыра түседі.
Жалпы, Абай облысында өндіріс саласындағы инвестициялық жобалар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, «Qazaq Astyq Group» ЖШС 2026 жылдың бірінші тоқсанында жылына 72 мың тонна тазартылған күнбағыс майын өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңасемей ауданында ірі қара, қой және жылқы етін өңдейтін ет комбинатының құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ 2028 жылға дейін жылына 250 мың дана тері өңдейтін «Eastern Protein» ЖШС кәсіпорны және жылына 36 мың тонна сүт өнімдерін қайта өңдейтін «Ертіс Өнімдері» ЖШС зауыты іске қосылмақ. Бұдан бөлек, өңірде майлы дақылдарды қайта өңдеуге бағытталған үш ірі агроөнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жоғарыда аталған бастамалардың барлығы Абай облысының экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтуге және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға бағытталған.